$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«QazExpoCongress» компаниясын күтіп ұстау үшін 18 млрд теңге бөлінген – Сенат депутаты

2014 жылдан бастап нысаналы аударымдар шамамен үш трлн теңгені құрады

«QazExpoCongress» компаниясын күтіп ұстау үшін 18 млрд теңге бөлінген – Сенат депутаты
Фото: qazexpocongress.kz

«QazExpoCongress» Ұлттық компаниясына Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің 14 объектісін қамтамасыз ету үшін 18 млрд теңге нысаналы аударым жіберілген, бұл 2020 жылға қарағанда 2,7 есе көп. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Сергей Карплюк мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Есеп комитетінің деректері бойынша 2014 жылдан бастап нысаналы аударымдар шамамен үш триллион теңгені, нысаналы салымдар – 700 млрд теңгені құрады, оның ішінде өткен жылы тиісінше әрқайсысы 30 млрд теңге болды. Мысалы «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясына Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің 14 объектісін қамтамасыз етуге 18 млрд теңге нысаналы аударым жіберілген, бұл 2020 жылға қарағанда 2,7 есе көп. Ал бұған дейін оларды күтіп-ұстауды жалға берудің (жалға алушылар: АХҚО, «Астана Хаб», ІТ Университеті, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы) және көрмеден кейінгі кезеңде қосымша ақылы қызметтер көрсетудің есебінен жүзеге асыру ұсынылған болатын», - дейді депутат.

Оның сөзінше, көрсетілген объектілерді күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың өсу қарқынына қарағанда, аталған ұсынысты «QazExpoCongress» іске асырмай және тиісінше бюджет жүктемесі «босатылмай» отыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы бойынша да осыған ұқсас жағдай болған. Елеулі нысаналы аударымдарға қарамастан, 2020 жылға дейін Азияның үздік қаржы орталықтарының ондығына және әлемнің жетекші қаржы орталықтарының отыздығына кіру жөніндегі олардың алдына қойылған міндет орындалған жоқ. Сондықтан бұл міндет 2050 жылға дейін іске асыру мерзімімен жаңа даму стратегиясына сыртқы КPI ретінде қайта енгізілді. Осылайша, қаражат ағымдағы және күрделі шығындарға жұмсалады, ал негізінен бұл қаражаттарды ұйымдарды капиталдандыруға бағыттау экономикалық тұрғыдан орынды болар еді. Сондықтан мемлекет мұндай салымнан ешқандай қаржы инвестициясын алмайтындықтан, қаржыландырудың бұл механизмін қайта қарастырған орынды деп санаймыз», - дейді Сергей Карплюк.

Серіктес жаңалықтары