Алғашқы төрт жылда некенің үштен бірі бұзылады – Қазақстандық қоғамдық даму институты
Сарапшылардың пікірінше, ерлі-зайыптылар үшін ең қиыны – некенің бірінші онжылдығы
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия соңғы уақытта некесі бұзылатын отбасылардың саны артып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мұндай ақпарат Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген «Қазақ отбасы-2020» ұлттық баяндамасында жинақталған.
«Сарапшылардың пікірінше, ерлі-зайыптылар үшін ең қиыны – некенің бірінші онжылдығы. Бұл ажырасулардың 61,5%-ын құрайды. Сонымен қатар некеге тұрудың алғашқы төрт жылы барлық ажырасулардың үштен бірін құрайды. 30%-ға жуығы некенің бесінші және оныншы жылдарына келеді. Он жылдық некеден кейін ажырасу ықтималдығы 20 жылдық кезеңге дейін күрт төмендейді. Жиырма жылдық некеден кейін ажырасқан отбасылар саны қайтадан өскен: бұл ажырасулардың жалпы үлесінің 13,7 %-ын құрайды.
ҚҚДИ сарапшыларының айтуынша, жиырма жылдық некеден кейін ажырасудың өсуі «бос ұя» кезеңін көрсетеді, яғни балалар өсіп, отбасын тастап кеткен. Содан кейін жиналып қалған реніш, өзара шаршау және басқа да факторлар ерлі-зайыптылардың одан әрі бірге өмір сүруіне біршама кедергі келтіреді», - делінген Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның парақшасында.
Сонымен қатар, сарапшылар бұл жаста некенің бұзылуына жанама түрде өмір сүру деңгейінің айтарлықтай жоғары екені әсер етеді деп санайды. Өйткені бұрынғы ерлі-зайыптылардың бір-бірінсіз еркін жүріп-тұруына мүмкіндігі бар.