Нұр-Сұлтанда «Jana Qazaqstan» интеллектуалдық кеңістігі өз жұмысын бастады
Алдағы уақытта жоба аясында белгілі қазақстандық және шетелдік интеллектуалдармен кездесулер өткізу көзделіп отыр
Нұр-Сұлтанда «Jana Qazaqstan» интеллектуалдық кеңістігі өз жұмысын бастады. Онда сарапшылар «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан: трендтер, сын-қатерлер және стратегиялар» тақырыбын талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Жаңа алаңның алғашқы отырысын Мәулен Әшімбаев ашты. Ол қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен Жаңа Қазақстан құру жолында кешенді реформалар іске асырылып жатқанына назар аударды.
«Жүргізіліп жатқан реформалар саяси жүйені кешенді трансформациялауды және демократияландыруды көздейді. Жаңа Қазақстан бағдары құқықтық жаңғыртудан ауқымдырақ және ол экономикалық, әлеуметтік, құндылық қасиеттер сияқты көптеген басымдықтарды қамтиды. Бұл істе интеллектуалдық бағыттың да маңызы зор. Ел дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттерді іске асыру үшін сапалы интеллектуалдық қолдау және зияткерлік әлеуетті арттыру қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, мұндай бастама сарапшыларға, аналитиктерге, ғалымдар мен интеллектуалдарға мол мүмкіндік береді.
Мәулен Әшімбаев аталған жоба аясында Жаңа Қазақстанның күн тәртібін талқылау және ел дамуының стратегиялық бағыттары бойынша бастамалар мен ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу жоспарланып отырғанын айтты.
Сенат спикері интеллектуалдық кеңістіктің тағы бір міндеті елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты өзекті мәселелер бойынша қоғамдағы мазмұнды және сындарлы дискурсқа қолдау білдіру екенін атап өтті.
Іс-шарада Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы орны, қазіргі сын-қатерлер мен қауіптер, бүгінгі геосаяси жағдайдағы еліміздің сыртқы саяси стратегиясының жекелеген аспектілері және басқа да тақырыптар кеңінен талқыланды.
Алдағы уақытта жоба аясында белгілі қазақстандық және шетелдік интеллектуалдармен кездесулер өткізу көзделіп отыр. Одан бөлек, кітаптарды таныстыру және талқылау, ішкі және халықаралық жағдайға қатысты маңызды тақырыптар бойынша пікірталас ұйымдастыру, сондай-ақ, талдамалық зерттеулер әзірлеу сияқты міндеттер бар.