ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

Еліміздің үш облысында 19 жол бөлігі жабылды

Нұр-Сұлтан бағытында барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу қойылды

Ауа райының қолайсыз болуына байланысты еліміздің үш облысында Нұр-Сұлтан бағытындағы жол бөліктері жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 қаңтар күні кешкі сағат 18.00-де Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының  Нұр-Сұлтан бағытындағы автожолдарының 19 учаскесінде жол жабылды. Қазіргі уақытта аталмыш аумақтағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда көліктердің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.    

Төтенше жағдайлар комитетінің, жергілікті атқару органдарының және автожолдардағы жол қызметтерінің қызметкерлері көмегімен жолда қалған 3 537 адам құтқарылды, олардың 364-і –  бала. Сондай-ақ, қар құрсауындағы 3307 көлік шығарылды.

«Жол бойындағы апаттық құтқару жұмыстарына 342 адам және 387 техника бірлігі жұмылдырылды. Ақмола және Павлодар облыстарының 3 жылыту бөліміне 33 адам, оның ішінде 1 бала орналастырылды», деп атап өтті ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің аға офицері Ерсұлтан Тұрмаханов.

Айта кетерлігі, 30 қаңтар күні жедел желі нөмірлеріне 489 қоңырау келіп түскен.

Азаматтық қорғаныс күштерінің өкілдері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқанын және төтенше жағдайдың алдын алуға дайын отырғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.