$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үй сүріліп тасталған

Ұлт ұстазының көзіндей берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген

Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ұлт ұстазының көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Оның өзінде қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған еді. Бұл әрекет жалпақ жұртқа әйгі болды.

«Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті қара шымнан кесектен салынған еді. Бұрын пешпен бөлініп тұратын бұрышта Ахмет атамыз дүниеге келді-ау деп ойлайтын едік. Енді соның ізі де қалмаған. Ахметтің соңғы ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз», - дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Жермен-жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.

Аймақ тағы бір киелі нысаннан айырылды. Тура бір ай бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туған үй толық бұзылды. Биыл Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы десек, мақтан тұтарлық ешқандай ескерткіш қалмаған.

Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. 

Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпейтін болды.

«Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда, көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй болған. Үлкендердің, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй еді. Сондықтан дәл Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді», - деп ақталды мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

Ал ұлт ұстазына арналған кесене керісінше, сапалы, әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан салынып жатыр. Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен 10 млн теңгеге екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді. Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр болады. Биіктігі 7 метрден асады.

Серіктес жаңалықтары