Жалпы Түркістанға құйылған инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асады
Түркістан қаласын дамытуға жалпы көлемі 400 млрд теңгеден аса қаражат құйылған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ОКҚ-да ұйымдастырылған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Құйылған қаражаттың жартысынан көбі мемлекеттік бюджеттің есебінен бөлінген екен.
«Жалпы Түркістанға құйылған инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден асады. Оның 40 пайызы жекеменшік инвестиция. Сонда шамамен 250-260 млрд теңге бюджеттің ақшасы. Бір қала салу үшін мен оны көп ақша деп ойламаймын. Қазір тұрғын үйлерді салып жатырмыз. Тұрғын үйлерді салу үшін 1 шаршы метрге 180 мың теңге жұмсалады. Қай қалада мұндай сомаға үй салынып жатыр? Сондықтан да қаржы ысырап болып жатыр, басқа жаққа жұмсалып жатыр деп айту қиын», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Өз сөзінде облыс басшысы Түркістанға арнайы қаражат бөлінбегенін айтып ақталды.
«Бізге бағытталған қаржының бәрі мемлекеттік бағдарламаның арқасында келді. Мәселен Жұмыспен қамту жол картасы арқылы 100 млрд теңге келді. Ол қаражат адам санына байланысты бөлінді. Біздегі халық саны көп болғандықтан, тиісінше қаражат көлемі де көбірек болды. Түркістанға арнайы бөлінді деген қаржы жоқ бізде. Барлығы тиісті жолдармен келген ақшалар», - деді ол.