Қарағандыда жекенің қолына өтіп кеткен ботаника бағы талқандалып жатыр
Бақ орнына қымбат баспаналар бой көтеруде
Қарағанды жұрты қаладағы ботаникалық бақты мемлекет меншігіне өткізуді талап етуде. Кезінде жекенің қолына өтіп кеткен демалыс орны талқандалып жатыр дейді жиналғандар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылар бейбіт митинг өткізуге арнайы рұқсат алып, 200-дей тұрғын жиналады деп жоспарлапты. Алайда 10 шақты адам ғана аяғын аңдап баса келген.
1940 жылдары ашылған бақтың бай тарихы бар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары оны фитохимия институтының қарамағына берген. Ал 2010 жылы ботаникалық бақтың көп бөлігі жекенің қолына өтіп кеткені белгілі болды. Аз уақыт ішінде жасыл желек қиылып, орнына қымбат баспаналар бой көтерді. Бүгінде бақтың қандай бөлігі аман қалғаны да белгісіз. Өйткені оның сырты бетонды дуалдармен қоршалған.
«Кезінде ботаникалық бақтан бас тарту үлкен қателік болды. Бұл мемлекеттің, халықтың меншігі. Оны адамдар өз қолымен жасады. Өкінштісі, оны жекенің қолына бере салған. Соның салдарынан ол табиғи құндылықты қорғау мен дамыту функциясынан айырылды. “Бұған кім кінәлі?” деген меселені құқық қорғау орындары зерттеуге тиіс», - дейді эколог Дмитрий Калмыков