«Кедендегі көлік саны 100 мыңға жетуі мүмкін»: Еуропаға шыға алмаған Ресей мен Беларусь фуралары Қорғасқа ағылып жатыр

«Қазір Ресей мен Беларусьтің машиналарын Еуропаға өткізбейді...»

«Кедендегі көлік саны 100 мыңға жетуі мүмкін»: Еуропаға шыға алмаған Ресей мен Беларусь фуралары Қорғасқа ағылып жатыр

Қорғас кеден бекетіне Ресей мен Беларусь елдерінің ауыр жүк көліктері көптеп келе бастаған. Жүк тасымалы арқылы қызмет көрсететін шетелдік фуралардың қаптауынан жергілікті халық жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Еуропа саяси жағдайларға байланысты Ресей мен Беларусь елдерінің тасымалдаушылары үшін шекарасын тарс жапқан. Күн көрістен қағылған тасымалдаушылар табысы жоғары Қазақстанға ағыла бастады, дейді сараптамашылар. Тіптен кейбірі тасымал нарығында кедергісіз, еркін кіру мақсатында фураларын елімізде тіркетіп, рәсімдеп үлгергендер де аз емес көрінеді.

«Қазір Ресей мен Беларусьтің машиналарын Еуропаға өткізбейді. Ал оларда тасымалдаумен айналысатын автопарк өте үлкен. Тек бір ғана компанияда 500 мың көлік болуы мүмкін. Ресей мен Беларусьте тіркелген көлік компаниялары еуразиялық экономикалық одақ болған соң бізде қайта тіркеуден өтіп, қазақстандық тасымалдаушы болып шыға келеді. Сәйкесінше олар осындағы жергілікті тасымалдаушылармен тең құқықта жұмыс істей алады. Оларға Еуропа жабық болған соң, біздің нарыққа көз салады. Ондай қауіп бар. Сондықтан біз тасымал құнын көтермеуіміз керек. Яғни 800 метрге өте жоғары баға төленсе, көрші елдерден ағылған тасымалдаушылар қазіргіден де көбейеді. Көбі көліктерін Қазақстанда тіркеуден өткізген, сондықтан фураларды мемлекеттік нөмірмен анықтауға болмайды. Сырттан тасымалдаушылардың көп келіп жатқанын білеміз. Қауіп бар. Ол жасырын емес», - деді «KTZE Commerce» директорының кеден ісі жөніндегі орынбасары Ербол Аринов.

Шекарадан тәулігіне 70-ке жуық көлік өтетін болған. Кеденшілер қанша жерден тапсырма қойылса да, мемлекетаралық тасымал тұрмақ, елдегі 10 мыңның айналасындағы фураларды уақытылы Қытайға кіргізіп-шығара алмай келеді. Түрлі заңбұзушылықтар мен жемқорлықтан арылмаған кеден бекетіндегі басшылар шетелдіктер тұрмақ, жергілікті халыққа пайдалы істі атқара алмай отыр деп санайды белсенді топ.

«Біз тасымалдаумен айналысамыз. Екі фурам бар. Қазір «бардак» болып кетті. Кеденнен өту үшін бұрын бір рет электронды кезекке тұрсақ, қазір ондайдың тағы біреуі пайда болды. Соңынан келген көліктерді де «левый» өткізе береді. Бір жарым жылдан бері кеденге кіре алмай жүрміз. Тиісінше Қытайға өте алмай жүрміз. Жаркенттің өзінде 3 мыңдай тасымалдаушы бар. Жергілікті халықтан 200-ден астам фура ғана Қытайға өтті», - деді Панфилов ауданының тұрғыны Қуаныш Харкиев.

Кеден арқылы Қытайдан тауар тасуға таласатын елдегі фуралардың саны 10 мыңның айналасында. Қазақстан тауар тасудың транзиті болғанмен, көрші елдермен салыстырғанда ауыр жүк көліктерінің саны тым аз. Дәл осы «Нұр жолы» кеден бекетінен Қытайдағы жүк сақтау қоймасына өту үшін талас жыл он екі ай тоқтамаған. Кезегін жылдап күтіп жүргендер аз емес. Қаңтар оқиғасына дейін 800 метрге тауар тасу 47 мың доллар болса, қазір 4,5 мың долларға түскен. Сұранысқа толы көліктерге төленетін құн арзандамаса, көрші елден келетін тасымалдаушылар саны да арта береді, деп отыр кедендегі басшылар.

«Көрші елдерден тасымалдаушылардың көбейіп кеткені министрлік қана емес, үкіметте де көтеріле бастады. Шындығында бұл нарықта болып жатқан әрекет. Тасымал құнына жоғары баға төленсе, осындағы кеденнен өту үшін 12 мың фура емес, 100 мың ауыр жүк көлігі тұруы мүмкін. Жоғары табыс табу шетелдіктерге де тиімді. Егер құн азайса, онда жергілікті компания ғана жұмыс істей береді. Қорғастан Алматыға жүк тасыған бір фураға 1200 доллар төленетін. Ол кезде алыстан ешкім келмеген. Павлодардағылар өз жерінде, Қызылжардағы фуралар сол маңда тасымалмен айналысты. Ақы жоғары төлене бастап еді, бүкіл фуралар осында ағылды. Сәйкесінше отандық немесе жергілікті тасымалдаушылардың Қытайға өтуі де сирейді.

Егер тасымалға қатысты баға жоғары болса Қытай жүкті басқа елдердің кедені арқылы тасуға көшеді. Қырғызстан, Ресей арқылы жөнелтеді де, кедендік рәсімдер сол жақта жасалып, түсімнің бәрі көрші елдерде қалады. Қытайдан тасымалданатын заттардың түрі де, көлемі де көп. Арнайы техникалар, аппараттар, тұтыну тауары, азық-түлік. Қазақстан – транзиттік мемлекет. Сондықтан Қытайдан шығатын заттарды Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, тіптен Ауғанстанға да, яғни Орта Азияға, Еуропаға да біз арқылы тасымалдау тиімді. Егер тасымал құны төмендесе, тауардың көлемі де көбейеді. Есесіне жанар-жағармай бекеттері, жол бойындағы тамақтану орындары,  көлік жөндеу, шағын қонақ үйлерге де табыс түседі. Шағын және орта бизнеске көп жақты жағымды әсері болады», - деді Ербол Аринов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.