«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнындағы қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды
Апат салдарынан 4 жұмысшы қаза тауып, бір адам ауруханаға түсті
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ цехтарының бірінде болған қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қарағанды облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Аталған факті бойынша ҚК 277-бабы 3-бөлігі (Екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді», -деп көрсетті Қарағанды облысының полиция департаменті.
Аталған бап бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір оқиға орнында Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары және «Серіктес Өрт Сөндіруші» ЖШС қызметкерлері үйінділерді аршып жатыр.
Естеріңізге саламыз, бүгін Қарағанды облысындағы "Құрылысмет" ЖШС аумағында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ жазатайым оқиға орын алып, 4 адам қаза тапты.
Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» цехында қаза болған жұмысшылардың туыстарына көңіл айтып, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.