Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» цехында қаза болған жұмысшылардың туыстарына көңіл айтты
Президент осыған қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды
Президент «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цехында қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының цехында болған апат салдарынан қазаға ұшыраған жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырдым», – деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.