Халықтық дауыс беру жаңа тарихи дәуірді белгіледі – Саясат Нұрбек
«Конституция – мемлекетіміздің негізгі қағидалары мен бағдарларын айқындайтын іргелі заңнамалық акт...»

Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек референдум мемлекет пен халықтың өзара қатынасының демократиялық тәсілі болып саналатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша референдум қорытындысы көрсеткендей Қазақстан халқы ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Сегіз миллионға жуық сайлаушы өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, 5 маусымда дауыс берді.
Референдум мемлекет пен халықтың өзара қатынасының демократиялық тәсілі болып табылады. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы түзетулерді қабылдау олардың заңдылығын қамтамасыз ете отырып, азаматтармен диалогқа мүдделі мемлекеттің саясатын көрсетеді», - деп жазды Саясат Нұрбек Facebook парақшасында.
Ол сөзін жалғай отырып, тығыз мерзімдерге қарамастан, дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу сәтті өткенін айтып өтті.
«Бұл сайлаушылардың заң талаптарынан асып түсуі, референдумды ұйымдастыру тәртібін бұзу туралы жаппай хабарламалардың және әкімшілік ресурстарды пайдалану туралы шағымдардың болмауымен расталады.
Конституция – мемлекетіміздің негізгі қағидалары мен бағдарларын айқындайтын іргелі заңнамалық акт, сондықтан кез келген өзгерістер мен толықтырулар елдің, халықтың болашағына әсер ететін маңызды шешім болып табылады.
Халықтық дауыс беру жаңа тарихи дәуірді белгіледі! Алға Жаңа Қазақстан!» - деді ол.