Жол-көлік оқиғасына қатысты сақтандыру төлемін алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілмек – Әбілқасымова

Заң жобасында 5 кодекске және 35 заңға өзгерістер енгізу көзделген

Жол-көлік оқиғасына қатысты сақтандыру төлемін алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілмек  – Әбілқасымова
Фото ашық дереккөзден

Жүргізушілер жол апатына қатысты сақтандыру төлемін сотсыз да ала алу керек. Жаңа заң жобасы қабылданса, төлем жасауға бұрынғыдай полицияның да қажеті болмайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бірқатар заң жобаларына өзгертулер енгізу туралы ұсыныс тастады. Заң жобасының негізгі мақсаты – сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Ол үшін жаңа өнімдерді енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі. Заң жобасында 5 кодекске және 35 заңға өзгерістер енгізу көзделген.

Агенттіктің мәліметінше, сақтандыру активтері тұрақты өсіп, қаржылық орнықтылығы жоғары болып отыр. Нарық активтері соңғы үш жылда 74%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,2%-ын құрайды.

«Біріншіден, заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. Бұл Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі шеңберінде өмірді жинақтаушы сақтандыру және бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті болып саналады. Банк депозитінен айырмашылығы, білім беру жинақтаушы жүйе шеңберіндегі өмірді жинақтаушы сақтандыру өнімі оқу ақысына арналған қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ қосымша сақтандыруды да қамтамасыз етеді. Сақтанушы үшін сақтандыру жағдайы орын алса, сақтандыру компаниясы жинақталған сомаға қарамастан баланың оқу құнын толық төлеуге кепілдік береді.

Екінші өнім – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады. Заң жобасының екінші бағыты – сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру арқылы сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру», - деді Мадина Әбілқасымова.

2019 жылдан бері  міндетті автосақтандыру шарттары онлайн режимде электрондық нысанда жасалады. Цифрландырудың келесі кезеңі  – сақтандыру оқиғасын онлайн-реттеуді енгізу. Мобильдік қосымшаны пайдалана отырып автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу ұсынылады. Бұл тәртіп полицияны қатыстырмай және сотқа жүгінбей, жол-көлік оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жедел алуға мүмкіндік береді.

«Заң жобасының маңызды жаңалығы – міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу. Қолданыстағы сақтандыру тарифтері заңнамалық тұрғыдан  2007 (екі мың жетінші)  жылы белгіленді және сол кезден бері жаңартылған жоқ. Икемді тарифтеу жүйесі Қазақстан өңірлері бойынша нақты болатын апаттарды ескереді және сақтандыру тарифтерін автоматты түрде жаңартуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, заң жобасында кепілдік берілетін сақтандыру кластарының тізбесі кеңейтіледі. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сақтандыру кластарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен өмірді сақтандыру өнімдеріне қатысты қолданылады. Бүгінгі күні аталған қор тек 5 сақтандыру түріне кепілдік береді. Келесі бағыт – ол сақтандыру қызметтерін пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру болып саналады. Ол үшін заң жобасында сақтандыру омбудсманының клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін міндетті реттеуі көзделеді. Сақтандыру омбудсманының біліктілігіне талаптар ұлғаяды және офисінің қызметкерлеріне талаптар белгіленеді», - делінген агенттік төрағасы ұсынған заң жобасында.

Жаңа заң жобасы қабылданса, лицензия тапсырмай-ақ ірі микроқаржы ұйымдары банктерге айналдыруға болады. Өйткені микроқаржыландыру нарығында ірі қатысушылар бар, олардың қаражатын орташа банктермен салыстыруға болады. Сондықтан аталған ұйымдарды банктерге айналдыру арқылы олардың бизнесін ірілету үшін жағдайлар жасау қажет. Банк лицензиясын алуға арналған барлық талаптар, оның ішінде 10 млрд теңге мөлшеріндегі ең төмен жарғылық капитал орындалса болғаны. Микроқаржы ұйымы бизнесті кредиттеу бойынша қызметін банк лицензиясын алғанға дейін жалғастырады. Сонымен қатар берілген қарыздар туралы ақпаратты Кредиттік бюроға ұсыну мерзімін 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылған.  Бұл шамадан тыс кредит алған адамдарға қарыз бермеуге мүмкіндік береді.

«Микроқаржылық қызмет туралы заңның қолданыстағы редакциясы шеңберінде жеке тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаға және 45 күнге дейін мерзімге микрокредит берудің ерекше жағдайлары көзделген. Мысалы микрокредит бойынша сыйақының шекті мәні және айыпақы мөлшері шектелген. Заң жобасында микрокредит бойынша артық төлем мөлшерін екі есе қысқарту, яғни микрокредит сомасынан 100%-дан 50%-ға дейін қысқарту арқылы қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеу ұсынылады. Жалпы алғанда, заң жобасы сақтандыру, банктік және қор нарықтарының серпінді өсуі арқылы экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындары талап етілмейді», - деп хабарлады Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.