$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кезегім жақындағанда үй берілмейді деді»: Қосшы әкімі мүгедек жанға неге мұндай жауап қатты?

36 жастағы Хамит Сиқымбаевтың үй кезегінде тұрғанына биыл 8 жыл болған

«Кезегім жақындағанда үй берілмейді деді»: Қосшы әкімі мүгедек жанға неге мұндай жауап қатты?
Коллаж: Azattyq Ruhy

Құрылыста жүріп, жоғары қабаттан құлап, омыртқасына зақым келтіріп алған 36 жастағы Хамит Сиқымбаев 9 жылдан бері 1-топ мүгедегі. Үй кезегінде тұрғанына биыл 8 жыл болған. Жыл сайын кезектің жылжып жатқанына қуанып, үйлі болып қаламын деген үмітпен жүріпті. Жақында Қосшы қаласының әкімінің қабылдауында болып, тегін үйдің берілмейтінін естіп, көңілі су сепкендей басылып қайтқан. Ғайдар Қасенов өз еркімен жүріп-тұра алмайтын Хамит Құрманғазыұлына 2 пайызбен ипотека рәсімдеуге кеңес беріп шығарып салыпты. Azattyq Ruhy 69 мың теңге жәрдемақыға күн көріп жатқан отбасына қандай тұрғын үй көмегі берілетінін анықтап көрген еді.

«Үй кезегіне тұрғаныма 8 жыл болды. Үйдің берілетін түрі жоқ. Қосшы қаласының әкіміне жолыққан едім. 1-топ мүгедектеріне тегін үй берілмейді деп шығарып салды. Берілетін болса тек 2%-дық ипотекаға баспана беріледі деді. Біздің жағдаймен қайдағы ипотека? 20 жылға алып, мен оны қалай төлеймін? Тіпті, жәрдемақымның бәрін төлесем де, құтыла алмаймын ғой. Жыл сайын кезек 3-4 адамға жылжып жатқан еді. Маған жақындап қалғанда әкімнің «Саған үй берілмейді» дегенін естіп, есеңгіреп қалдым. Бұл қалай сонда? 8 жыл кезекте бекер тұрғаным ба?», - деп күйінеді Хамит Сиқымбаев.

Хамит Құрманғазыұлы Таразда пәтер жалдау арзанырақ болған соң, қазір сол өңірде отбасымен уақытша тұрып жатыр екен. 69 мың теңге жәрдемақының 30 мың теңгесін пәтер жалдауға, 20 мыңын коммуналдық төлемге жұмсайтынын айтты. Ал Қосшы қаласының әкімдігі кезектің жылжымай жатқанына бюджеттен ақшаның бөлінбегені себеп деді.

Естеріңізде болса, Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, қалалық статусты тура бір жыл бұрын алған болатын.

«Сиқымбаев Хамиттың кезекте тұрғанын растаймыз. Ол кісі 2017 жылдың 7 қыркүйектен бері үй кезегіне тіркелген. Қазір 24-ші болып кезекте тұр. Қазір Қосшы қаласының кезегіне берілген, бұрын Целиноград болған еді ғой. Әлеуметтік үй салынса, бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдарға беріледі», - деп мәлімдеді Қосшы қаласының әкімдігі.

Бірақ әзірге мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік немесе арендалық үй салуға Қосшы қаласына қаражат бөлінбепті. Сондықтан нақты кезектің қашан жылжитынын кесіп айта алмаймыз дейді әкімдік өкілдері. Егер азамат өзге өңірге тұрғын үй кезегіне басынан тұрамын десе өз еркі дегенді алға тартты.

ҚР Индустрия жән инфрақұрылымдық даму министрлігі 1 және 2 топ мүгедектерінің үйлі болуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Тек алатын үйдің түріне назар аударуы керек дейді. Мәселен, әлеуметтік осал топтар үшін әлеуметтік және арендалық тұрғын үйлерден пәтер беріледі. Егер азамат үйді сатып алу құқығымен жалға алса, онда ол баспананы жекешелендіре алады. Ал тек арендаға берілетін тұрғын үйден алса, жекешелендіруге жол берілмейді. Яғни, салынған үйдің түріне қарай болмақ.

«ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 13-бабы 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға 1 және 2 топ мүгедектерінің құқығы бар. Яғни, үйді жекешелендіруге баспананы сатып алу құқығымен жалға алғандарға рұқсат беріледі. Ал сатып алу құқығынсыз арендаға алса, кейін оны жекешелендіре алмайды. Қазір көбіне мемлекет тарапынан салынып жатқан үйлер сатып алу құқығынсыз беріліп жатыр», - деп мәлімдеді ҚР ИИДМ.

Министрлік Хамит Сиқымбаевқа арендалық тұрғын үй берілгенше, өзі жалдап тұратын пәтер ақысының мемлекет 50 пайызын төлеп беретін «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылып жатқан бағдарламаға қатысуға кеңес берді. Ол үшін азаматтың үй кезегінде тұруы жеткілікті екен.

Серіктес жаңалықтары