Қазақстаннан Қытайға қатынайтын автобус және теміржол бағыттары тоқтатылды
Алматы – Нұр-Жолы – Үрімші, Өскемен – Майқапшағай – Үрімші, Жаркент – Қорғас – Құлжа, Аягөз – Бақты – Зимұнай бағыттары бойынша автобус қатынасы тоқтатылды
Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ел ішінде коронавирустың таралып кетпеуіне қарсы шаралар қабылдады, деп хабарлайды Azattyq rýhy Көлік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты, Алматы – Нұр-Жолы – Үрімші, Өскемен – Майқапшағай – Үрімші, Жаркент – Қорғас – Құлжа, Аягөз – Бақты – Зимұнай бағыттары бойынша автобус қатынасы тоқтатылды (екі бағытта да күніне барлығы 14 рейс).
Сондай-ақ 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап Алматы – Үрімші №13/14 және Нұр-Сұлтан – Үрімші жол жүру бағыттарындағы №53/54 жолаушылар пойызының қозғалысы Достық станциясына дейін қысқартылатын болады (ҚР шекарасы шегінде қатынасу).
Үрімші – Алматы бағытындағы № 103/104 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылады.
Ал 1 ақпаннан бастап Достық – Алашанькоу, Алтынкөл – Қорғас бағыттары бойынша теміржол қатынасы тоқтатылатын болады.