Түркістан облысының полицейлері жоғалған 6 жасар бүлдіршінді анасына қайтарды
Полиция жақын маңдағы аумақтарды аралап, сол аумақтағы тұрғындарға 6 жасар қыздың суретін жолдаған
5 маусым күні таңғы сағат 04:00 шамасында Сарыағаш АПБ-ға такси жүргізушілері хабарласып, Қапланбек кентінің жанындағы Шымкент-Шыназ тас жолында 5-6 жастағы адасқан қыз баланың жүргенін байқағанын жеткізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тәртіп сақшылары жедел түрде оқиға орнына шығып, кішкентай қызды полиция бөліміне жеткізді. Олар бүлдіршінді тамақтандырып, ата-анасы туралы сұрады және бірден оның туыстарын іздеуге кірісті. Кәмелетке толмаған қыздың ата-анасын іздеуге Сарыағаш АПБ-нің жедел уәкілдері мен ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмылдырылды. Полиция жақын маңдағы аумақтарды аралап, сол аумақтағы тұрғындарға 6 жасар қыздың суретін жолдаған.
Нәтижесінде жоғалған қызын суреттен таныған анасы аудандық полиция бөліміне келді. Белгілі болғандай, кішкентай қыз түнде үйден көшеге шығып, жоғалып кеткен. Полицейлер кішкентай қызды анасына дін аман табыстады. Ол сарыағаштық полицейлерге алғысын білдірді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары қыздың ата-анасына баланы қараусыз қалдырмау туралы профилактикалық әңгіме жүргізді.