Ерлан Сайыров: Референдум – халқымызға «өз билігін қайтарып», демократия құрудың бастапқы нүктесі
«Бұл референдум біздің еліміз үшін демократия мен саяси плюрализмге альтернатива жоқ екендігін дәлелдеді...»
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров елімізде өткен референдумның қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сонымен, Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум аяқталды. Халықтың басым көпшілігі, 78 пайызы Конституцияға өзгерістерді қолдап дауыс берді. Барлық халықаралық ұйымдар, Евроодақ елдері референдумның қортындыларына оң баға беріп жатыр. Біздің саяси тарихымызда бірінші рет ОБСЕ, Евроодақ Қазақстандағы саяси іс-шараға оң бағасын беріп отыр.
Қазақстан халқы бұл референдумды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси курсына сенім вотумы деп қабылдап отыр. Бұл референдум біздің еліміз үшін демократия мен саяси плюрализмге альтернатива жоқ екендігін дәлелдеді.
Референдум енді реваншистік күштер мен ревизионистердің жымысқы іс-әрекетінің іс-жүзіне аспайтындығын анық көрсетті», - деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Ол сөзін жалғай отырып, бұл іс-шара біздің елімізде демокартия мен плюрализмнің тек қана басы деп білу қажет екенін, енді Парламент осы өзгерістерге байланысты 20 Конституциялық заңға өзгерістер жасайтынын әрі бұл ауқымды, кешенді мәселе екенін айтып өтті.
«Референдум сонымен бірге, еліміздегі олигархтардың қолына заңсыз өткен халық игілігін мемлекетке қайтару, табиғат ресурстарынан халқымыздың еншісін арттыру процесін бастайтыны анық. Шетке заңсыз кеткен отандық капиталды қайтару мәселесі де өте өзекті.
Конституцияға өзгерістер осы мәселені шешуді тездететін локомотив. Яғни өткен референдум халқымызға «өз билігін қайтарып», елімізде халықтық демократия құрудың бастапқы нүктесі деп білу керек. Енді жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастыру, әрбір шешімнің халықпен ақылдаса отырып, азаматтардың мұң-мүддесі тұрғысынан қабылдайтын жүйеге келеріміз анық.
Ең басты мәселе, аталған өзгерістер демократия мен плюрализмді қалыптастыра отырып, халқымыздың әл-ауқатын жүйелі түрде арттыруға қабілетті қоғамдық-саяси жүйе жасау болып табылады», - деп ойын білдірді Мәжіліс депутаты.