Әлихан Смайылов шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесті

Azattyq Rýhy

Премьер-Министр Қазақстан өзара тиімді жобаларды іске асыру перспективаларын қарастыруға дайын екенін жеткізді  

Әлихан Смайылов шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесті
фото: primeminister.kz

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов General Electric және Citigroup компанияларының, сондай-ақ Азия даму банкінің басшыларымен кездесті. Бұл туралы Azattyq Ruhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

General Electric компаниясының Ресей және ТМД-дағы президенті Бела Ференцимен кездесу барысында ҚР Үкіметі мен GE арасындағы энергетика, денсаулық сақтау және авиация салаларындағы стратегиялық әріптестіктің перспективалық бағыттары, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істеп тұрған өндіруші қуаттарды жаңғырту мен жаңа өндіруші қуаттарды құру жобалары қаралды.

«Қазақстан General Electric сияқты стратегиялық инвесторлармен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз жолға қойылған дәстүрлі серіктестік байланыстарды сақтауға және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын дамытуға ниеттіміз», — деді Әлихан Смайылов.

Азия даму банкінің вице-президенті Ашок Лавасамен әңгіме барысында екіжақты өзара іс-қимылдың стратегиялық даму перспективасы атап өтілді.

«Банк Қазақстан экономикасына шамамен 28 жыл бойы қолдау көрсетті, арадағы әріптестік әрі қарай жалғасуда. Осы жылдар ішінде біз көптеген жобалар аясында өзара тиімді ынтымақтастық құра алдық. Біз АДБ-ның Қазақстанның дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз», — деді Үкімет басшысы.

Тараптар газ, логистика, энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін, сондай-ақ таяу жылдардағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.

Citigroup атқарушы директоры Дэвид Ливингстонмен келіссөз барысында декарбонизациялау және жасыл экономиканы дамыту мәселелері қаралды.

«30 жыл ішінде «Ситибанк Қазақстан» өзін елдің ең сенімді корпоративтік банктерінің бірі ретінде таныта алды, сондай-ақ Қазақстандағы көптеген халықаралық корпорациялар үшін сенімді серіктеске айналды. Осыны ескере отырып, біз жаңа өзара тиімді жобаларды іске асыру перспективаларын қарастыруға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.