Тұрғындар көпқабатты үйлердің балконынан рух көтеретін ұрандар айтып айғайлаған
Қытайдың жабық қаласына айналған Ухань тұрғындары бір-біріне қолдау білдіру үшін жаппай акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Коронавирус ошағы саналып отырған Ухань қаласының тұрғындары флешмоб ұйымдастырды. Бірнеше аптадан бері пәтерлерінен шықпаған тұрғындар көпқабатты үйлердің балкондарынан бір уақытта шығып, рух көтеретін ұрандар айтып айғайлаған, тіпті бірге әнұран айтқан.
Флешмоб видеосын Twitter-де Aamir Razzaq атты қолданушы жариялаған екен.
Бейнежазбада тұрғындардың бір-біріне дауыстап айғайлай айтқан сөздері естіледі. Қытай тілінен тікелей аударғанда «Ухань, май құя түс» деп айтылған ұран шын мәнінде, «Ухань, күресті жалғастыр», «Ухань, мойыма» деген мағынаны білдіреді.
Ухань тұрғындары WeChat қосымшасында да өзара флешмоб ұйымдастыруға келіскен екен.
Сағат 20:00-де басталған акция тұрғындардың бір-біріне қолдау білдіріп, жігерлендіруі үшін ұйымдастырылған.
Алайда дәрігерлер бұл бастаманы қолдай қоймады. Дәрігерлер вирус ауа-тамшылы жолмен жұғатындықтан, тұрғындардан бұдан былай мұндай флешмобтар ұйымдастырмауды және бетперде киіп алып ұрандатпауды сұрады.
Айта кетерлігі, жаңа коронавирус (2019-nCoV) адам бойына енген соң инкубациялық кезеңде жатқанда да өзгелере жұға береді екен.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қауіпті коронавирус инфекциясының жылдам тарап жатқанын мәлімдеген болатын. Бұдан өзге, Қытайдың 25 провинциясында жоғарғы деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған.
Еске салсақ, Қытайда коронавирусты жұқтырғандар саны соңғы деректер бойынша 5 974 адамға жеткен. Олардың 132-сі қайтыс болған.