Коронавирус құрбандарының саны 132 адамға жетті
1 239 науқастың жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалап отыр
Соңғы деректер бойынша, Қытайда коронавирусты жұқтырғандар саны 5 974 адамға жетті. Олардың 132-сі қайтыс болған деп хабарлайды РИА Новости.
Бұған дейінгі мәліметтерде 4 515 адамның ауру жұқтырып, 106 адамның көз жұмғаны айтылған болатын. Бір тәулік ішінде Қытай билігі 1 459 жаңа фактінің тіркелгенін растап отыр.
«28 қаңтар түнгі сағат 12-гі жағдай бойынша Қытайдың 31 провинциясында 5 974 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың 1 239-ы ауыр халде жатыр. 132 адам қайтыс болды, тағы 103 адам ауруханадан үйіне жіберілді», - делінген ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік комитеті.
Бұдан бөлек, Гонконгта тағы – 8 адам, Макаода – 7, Тайваньда 8 адам ауру жұқтырған. Дәрігерлер бүкіл әлем бойынша 60 мыңдай адамның бақылауға алынғанын айтып отыр. Олар науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған.