СҚО-да жылқылар жаппай ауырып жатыр
Дерттің қайдан келгені де белгісіз
Солтүстік Қазақстанның кей аудандарында жылқылар жаппай ауырып жатыр. Иелерінің айтуынша малдың қызуы көтеріліп, жөтеледі, артынша танауынан су ағып, әлсіреп қалады. Есіл ауданының Заречное ауылында жылқылардан сараптама алынды. Нәтижесі әзірге белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Самархан Сәдуақасов 7 жылдан бері ауылдың жылқысын бағады. Ол мұндай дертті алғаш рет көріп тұрғанын айтады. Малдың ауырғанына бір аптадай уақыт болған. Күн сайын үйірде жөтелген жылқы саны көбейіп келеді. Ал өңірде қаншасы ауырып жатқаны белгісіз.
«Құлындар ойнақтап жүр. Жөтелсе, тез басылып қалады. Өйткені олар үшін енесінің сүті ем. Жылқыны қазақ өкпе ауруларын емдеуге пайдаланады. Көбіне үлкен биелер ауырып жүр. Жатқан кезде байқалмайды. Айдаған кезде қатты жөтеліп кетеді. Кейбірі жүргісі келмей, әлсіреп қалады. Басқа аудандардағы жылқышыларға хабарласып, біліп тұрамын. Оларда да осындай жағдай болып жатыр.
Өз тәжірибемде мұндай ауруды көрген емеспін. Белгісіз індет жайында әкімдікке, мал иелеріне айттық. Көктемде кене көп болды, паразиттен арылдық па дегенде осындай проблема пайда болды. Әдетте жыл сайын шілдеде жылқыларға сақау шығатын. Ал мұндай ауруды көрген емеспін. Қызір күндіз ыстық, кеште салқын болып тұр. Ауа темпрературасы тез өзгеріп жатқасын салқын тиіп қалды ма деген де ой бар. Вирус болуы да ықтимал. Жалпы былтырғы құрғақшылықпен салыстырғанда биыл жылқылардың жағдайы жасқы, күйі жаман емес», - дейді жылқышы Самархан Сәдуақасов.
Жылқылардан алынған сараптама Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберілді. Мамандар белгісіз дерттің жұқпалы ауру болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Мұндай белгі бойынша бірнеше аурудың түрі болуы мүмкін. Созылмалы өтетін өкпенің бронхиты, гильменттер қоздыратын аурулар, одан кейін жұқпалы аурулар бар. Біз оны анықтау үшін кеше материал алып зертханаға жібердік. Нақты диагноз сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады. Егер жұқпалы ауру анықталса, әрі қарай нақты іс-шараларды жүзеге асырамыз. Одан қалды шектеу шаралары енгізілетін болады. Ал қазіргі кезде біз симптоматиялық түрде ем жүргізіп жатырмыз. Яғни ауырған жылқыларды бөліп, оларға вирусқа қарсы антибиотик және жалпы имунитетті жақсартуға арналған екпелерді салып жатырмыз. Жалпы бұған дейін біздің өңірде мұндай ауру тіркелген жоқ», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Әзірге жылқы еркін жайылып жүр. Шығын тіркелген жоқ. Ветеринарлардың айтуынша диагноз белгісіз болғандықтан шектеу шараларын енгізу жөнінде мәселе қаралмаған. Дерттің қайдан келгені де белгісіз. Жылқыдан басқа мал аурудан аман.
ЖЫЛҚЫ ТҰМАУЫ – ҚАНДАЙ АУРУ?
Жылқышылар бұл дерттің жылқы тұмауы болуы екенін айтып отыр. Дегенмен зертханалық талдау нәтижесі болмағандықтан нақты диагноз қоюға асықпаған жөн, дейді олар. Жылқы тұмауы жайында мәлімет іздеп, ғаламтор беттерін парақтап көрдік.
Жылқы тұмауы – қысқа мерзімді қабынумен және жоғарғы тыныс жолдарының кілегейлі қабатының катаральді қабынуымен сипатталады. Жөтел, танаудан су ағу, ларинготрахеит және бронхитке ұқсас белгілер болуы мүмкін. Ауру асқынғанда пневмонияға айналады. Бұл ауру 1871-73 жылдары АҚШ-та тіркелген. Сонымен қатар, Еуропа, Азия елдерінде кездеседі. Жылқы тұмауының қоздырушыларын ультракүлгін сәулелер және дезинфекциялық құралдармен жоюға болады. Оның вирусы адамдар арасында тараталын вирусқа өте ұқсас.
Ауру жылдың кез келген мезгілінде белең алуы мүмкін. Әсіресе көктем айлары жұқпа жиі таралатын уақыт саналады. Тұмау – жылқы көп шоғырланған жерде жиі таралады. Бір үйірдің кем дегенде 50 пайызы жұқпаға шалдығуы мүмкін. Инфекция суат, оттық арқылы тарала береді. Жасырын кезең 1 туәліктен 6 тәулікке дейін жалғасуы мүмкін. Дене қызуы 41 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Ауру малдың тамыры тез соғып, көзі жасаурайды, қабағы ісініп, жарықтан жасқанады.
«Көбіне ересек жылқылар ауырып жатыр. Әсіресе биелер қатты жөтеледі. Ал құлын, жабағылар өте жеңіл түрде ауырады. Бұл – жылқының сүтінің қасиеті деп білемін. Өйткені құлын-тайлар бір-екі күн жөтеліп, тәуір болатынын байқадым. Себебі биені емеді. Қазақ халқы саумалды, қымызды емдік мақсатта пайдаланады ғой. Міне, құлындар да солай, өз енесінің сүтімен тез тәуір болып жатыр. Елде коронавирус қатты белең алған кезде жылқының саумалы, қымызы жоғары сұранысқа ие болды. Көпшілік солай емделді. Қазір енді жылқының өзіне де осындай ем керек болып жатыр. Жалпы өзім де аздап суық тисе, жөтел қысса, қымызбен емделемін. Жалпы жылқылар басқа малға қарағанда аурушаң емес. Сондықтан барлығы тез сауығып кетеді деп үміттенеміз. Қазір күндіз-түні баққанымыз осы мал», - дейді жылқышы Самархан Сәдуақасов.