Қызылордада аурухана есепшілері 14 млн. теңге жымқырған
Олар жалған құжат жасау арқылы қомақты қаржыны қаласына басқан
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық ауруханасының есепшілері 7 жылға сотталды. Олар мемлекетке 14 млн.теңге шығын келтірген. Бұл туралы Azattyq Rýhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық соттың мәліметінше, бас есепші мен қос көмекшісі өзара келісімге келу арқылы кей қызметкерлер іссапарға бармаса да құжат жасаған. Сол арқылы қомақты қаржы жымқырып келген. Сот бас есепші мен 1 көмекшісін 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда олардың кәмелет жасқа толмаған балаларының болуына орай, жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Ал біреуі 2 жылға шартты жаза арқалады.
«Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша айыпталып, сотталған. Яғни, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өзіне тапсырылған мүлікті талан-таражға салып, иемденіп, қылымыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотты болып отыр», - деді Қызылорда облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ардақ Смағанбетова.