Халық Үкіметтен нақты өзгерістер мен шешімдерді күтеді – депутат
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин референдумға қатысты ойын білдірді
Халық билікке сенім білдіріп, дауыс берді. Енді Үкіметтен нақты өзгерістер мен шешімдерді күтеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кеше Қазақстан тарихында мәңілік із қалдыратын саяси шара өтті. 27 жылдан кейін Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар бүкілхалықтық референдумға шығарылды. Ел арасында бұл шараға қатысты біраз дискуссия болып, алуан түрлі ой-пікірлер айтылды. Сенім мен сенімсіздіктің «майданы» болды десекте артық айтпаспыз. Олай болуы заңдылық. Өйткені неше жыл, ескі билік елдің еңсесін басып, қоғамға үрей ұялатып, демократиялық үрдістерді тежеп келді. Бірақ, қанша дегенмен адам баласы жақсылықтан үмітін үзген емес. Қазақстандықтарда болашақта еліміздің оң бағытта дамуына зор үміт артып отыр. Өйткені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің барлық Үндеулерінде ел үшін қызмет жасайтынын, саяси трансформацияларды қолға алатынын және демократиялық өзгерістерді іске асыратынын ашық айтып келді. «Ер айтты, ер жасады» деген ұстаныммен Президент саяси модернизацияны Конституциядан бастады және оны бүкіл халықтың шешіміне салды», - деп жазды Еділ Жаңбыршин.
Ендігі кезек қазақстандықтардың шешімі еді. Қоғамда күмәнда, қорқынышта, сенімсіздікте болғаны рас. Бірақ, елдің сенімі мен ақылы, парасаты пен мәдениеті, үміті мен арманы жеңді.
Референдум легитимді болуы үшін бірнеше талап орындалуы керек еді.
- Референдум туралы заң бойынша референдумға 50%-дан астам сайлаушы қатысу керек еді, ол көрсеткіш ресми мәліметтерге сәйкес 68,06% болды.
- Қатысқан сайлаушылардың 50%-дан астамы «Ия» деп дауыс беру керек еді, бұл көрсеткіш 77,18% болды.
- Қазақстанның 14 облысы мен республикалық деңгейдегі 3 қаласының 2/3, яғни 12 әкімшілік-территориялық бірлігі жоғарыдағы екі көрсеткіштен өтуі керек еді, ол 16 болды.
Тағы бір мәселе. Референдумда өрескел заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Барлық сайлау процесі ашық өтті, оны отандық және халықаралық байқаушыларда мойындады.
Үшінші айтып кететін жәйт, бірнеше тәуелсіз ұйымдардың сайлаушылармен жүргізген exit poll нәтижелеріде ресми мәліметтерден көп айырмашылық берген жоқ.
«Осы жағдайларды ескерсек Референдум-2022 толық заң талаптарына сай өтті. Референдум қортындысы бойынша жалпы халықтың 18,66% қарсы дауыс берді. Бұл да заңдылық. Өйткені болып жатырған процесстерге күмәнмен қарайтын, сенбейтін азаматтарымыз да бар және осы саяси трансформацияларды қаламайтын күштердіңде әлі де арамызда бар екенін ескерген жөн. Дегенмен қоғам мен биліктің арасында консенсунс орнады және қоғамдық келісім-шарт қабылданды деп айтуға болады. Халықтың көпшілігі билікке сенім білдіріп, дауыс берді. Енді негізгі «әрекет» биліктің жағында. Электорат биліктен, әсіресе Үкіметтен нақты өзгерістер мен шешімдерді күтеді. Президент мықтылығын, Парламент ықпалдылығын, Үкімет тиімділігін іске асыратын Конституциялық реформаны халық қолдады! Ендігі жерде ескі шаблондар мен стильдерді ысырып тастап, жаңа әдістер мен көзқарастарды қолға алып, бәрімізге бірлесіп Жаңа Қазақстан үшін жұмыс жасау қажет!», - делінген депутаттың жазбасында.