Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары пара алғаны үшін 8 жылға сотталды
Ол мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойған
2022 жылғы 6 маусымда Екібастұз қалалық соты Екібастұз әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке және оның қарамағындағы ТКШ бөлімі басшысының орынбасары А.Садықов пен сол бөлімнің бас маманы К.Түсіпбековке қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Екібастұз қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Олар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деп айыпталды.
Сот үкімімен Бауыржан Ахметовке 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, Түсіпбеков пен Садықов тиісінше 7 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Екібастұз қаласының әкімі А.Қаңтарбаевтың тікелей басшы ретіндегі жауапкершілігі туралы мәселе «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 60-бабының 2-тармағына сәйкес айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін қаралатын болады.