БҚО ардагерлері референдумды қолдайды, өзгерістерді түсінеді – Мақсот Берген

Azattyq Rýhy

Ол референдумда көзделген суперпрезиденттік биліктен парламенттік билікке өтетін өзгеріске қатты қуанышты екенін айтты

БҚО ардагерлері референдумды қолдайды, өзгерістерді түсінеді – Мақсот Берген

«Республикалық ардагерлер қоғамы» қоғамдық ұйымының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсот Бергеннің пайымынша, аймақтағы зейнеткерлердің дені елде болатын саяси өзгерістерді қолдайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мақсот Берген бүгін ерте Орал қаласындағы медициналық колледжге барып, жалпыреспубликалық референдумда дауыс беріп келген.

«Біздегі уақыт Нұр-Сұлтан қаласынан бір сағат артта жүреді, мен Орал қаласының уақытымен таңғы сағат 8-де дауыс беруге бардым. Дауыс беріп шыққан соң аймақтардағы халықтың белсенділігін білейін деп ақпарат іздедім. Соның өзінде Нұр-Сұлтандағы халықтың 33 пайызы дауыс беріп үлгеріпті. Менің ойымша, осы көрсеткіш халықтың референдумды күткенін және белсенді дауыс беріп жатқанын байқатады», - дейді Берген.

Ал жалпы өзінің жеке пікірін айтқан ол референдумда көзделген суперпрезиденттік биліктен парламенттік билікке өтетін өзгеріске қатты қуанышты екенін айтты.

«Орал қаласында 91 мыңға жуық зейнеткер бар. Олар сонау Кеңес одағынан бергі саяси өзгерістерді көрген, тәуелсіздік жылдарындағы сайлаудың бәріне қатысқан, яғни саяси өзгерістерді түсінетін, білетін, көзі ашық азаматтар. Әсіресе, депутаттарды өзіміз сайлап, жұмысына көңіліміз толмаса, оны мандатынан айыра алатынымыз үміт ұялатады. Республика халқының 50 пайыздан астамы қолдап дауыс берсе, референдум өткен болып саналады ғой, сондықтан мен азаматтарымыздың белсенділігіне және референдум өтіп жатса, ондағы өзгерістер бізді жаңа Қазақстанға бастайтынына сенімдімін», - дейді ол.

Сөз соңында Мақсот Берген отбасы мүшелерінің бәрі референдумға баратынын, өзі немересіне үлгі көрсетіп, оны сайлау учаскесіне алып барғанын айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.