Қазақ елінің өсіп-өркендеуі – бәріміздің ортақ мүддеміз – БҚО-ның бас имамы
Батыс Қазақстан облысындағы 12 аудан мен Оралдағы 4 мешітте жиналған 3 мың адамға уағыздан кейін референдумның маңыздылғы жайлы айтылды
БҚО-ның бас имамы Бақытжан Құралбайұлы референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өткен жұмада Батыс Қазақстан облысындағы 12 аудан мен Оралдағы 4 мешітте жиналған 3 мың адамға уағыздан кейін референдумның маңыздылғы жайлы айтылды.
«Дін өкілдеріне ешқандай партияға, жүйеге қолдау білдіріп, соның артынан өзгелердің еруіне үгіттеуге заң бойынша тыйым салынғандықтан, біз насихат жүргізбейміз. Бірақ қазақ елінің өсіп-өркендеуі – бәріміздің ортақ мүддеміз. Дін өкілі үшін бөлек мүдде, қарапайым ел тұрғыны үшін бөлек мүдде деген түсінік жоқ. Өзім осы Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, жеке тұлға ретінде референдумға бардым. Оған баруға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы да үндеу жасаған болатын.
Осыған байланысты өткен жұмада уағыздың соңында референдумға барудың маңыздылығын жамағатқа 5 минут қысқаша түсіндірдік. Жиналған үш мың тұрғынның басым бөлігі бүгінгі референдумға барады деген ойдамын. Елдің тыныштығын қорғау, шекарасын күзету, ел үшін еңбек ету әрбір мұсылманның, әрбір тұрғынның міндеті екенін ешқашан ұмытпауымыз керек», - деді БҚО Бас имамы Бақытжан Құралбайұлы.