$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Референдум: шетелдегі дауыс беру учаскелері жұмысын бастады

Алғашқы болып Жапония мен Корея Республикасындағы дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады

Референдум: шетелдегі дауыс беру учаскелері жұмысын бастады
Фото: ҚР СІМ

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтіп жатыр. Еліміздегі сайлау учаскелері таңғы 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ шетелдік сайлау учаскелері жұмысын бастап та кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шетелде алғашқы болып Жапония мен Корея Республикасындағы дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады.

Жапония мен Корея Республикасында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумда өздерінің дауыс беру конституциялық құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды.

 Токио қаласындағы №261 учаске жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 4:00-де) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін өз есігін ашты. Алғашқы минуттардан бастап қазақстандықтар өздерінің «Жаңа Қазақстанды» құруға қатысуға азаматтық құқықтарын іске асыру үшін айтарлықтай белсенділік танытуда.

Референдумда дауыс берген алғашқы қазақстандық Токио қаласындағы жақында 18 жасқа толған жас сайлаушы Алижан Салиев болды. Бұл оның алғашқы сайлауы және ол осы өзінің құқығын қуана іске асырды.

«Мен жақында 18 жасқа толдым және осындай тарихи оқиғаға алғаш рет қатысу мен үшін өте қызықты. Оған қоса бұл үлкен жауапкершілік, өйткені менің дауысым да Конституцияны жаңартуда ескерілетін болады. Мен Қазақстанның Жапония сияқты дамыған елге айналғанын қалаймын», - деді Алижан.

Қазақстандықтар Токиоға Жапонияның әр түкпірінен, соның ішінде Хиросима, Осака және Киото сияқты алыс префектуралардан да дауыс беруге келіп жатыр.

Оңтүстік Кореяның астанасындағы № 258 учаскеге алғаш болып қазақстандық отбасы Кәкім Данабаев пен Аруна Жәнібек келді. Олар Сеулде 10 жылдан астам уақыт тұрып, бизнеспен айналысады.

«Мен корей серіктестеріммен бизнес жүргіземін. Олардың өз еліндегі жағдайды қалай талқылайтындарын, саяси өмірге белсенді қатысатынын жиі көремін. Сондықтан соңғы 10 жыл ішінде мен бірде-бір сайлауды өткізіп алған жоқпын. Бұл жолы да өз дауысымды беруге келдім, өйткені референдумға қатысу біздің азаматтық парызымыз. Біздің дауысымыз - балаларымыздың болашағы», - деді кәсіпкер.

К. Данабаев Оңтүстік Кореядағы Ханъянг университетінің докторантурасын бітірген. Қазір «Kazmedikor» атты қазақстандық-корей компаниясының тең құрылтайшысы. Қазақстан елшілігі осы отбасыға референдумға қатысқаны үшін алғысын білдірді және бірінші сайлаушылар ретінде сыйлық табыстады.

Қазақстан азаматтарының Жапония мен Корея Республикасындағы белсенділігі отандастарымыздың Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ұсынған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңыздылығына үлкен мән беретіндігінің айқын дәлелі.

Дауыс берушілер олардың дауысы «Жаңа Қазақстанды» құруда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

ҚР СІМ ұсынысы негізінде Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық сайлау комиссиясы 52 шет мемлекетте 65 сайлау учаскесін ашты. Олардың мекен-жайларын мына жерден көруге болады. 

Серіктес жаңалықтары