$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне орай байкерлер шеруі өтті

Іс-шараға 30 шақты адам қатысты

Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне орай байкерлер шеруі өтті
фото: almaty.tv

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында алматылық байкерлер сап құрып, қала бойынша шеру ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Жан-жақтан жиналған байкерлер Алматы арена маңына топтасып, сап түзеді. Олардың барлығы кәсіби мотоспортшылар. Мәселен, 40 жастағы алматылық Роман мұндай іс-шараға алдыңғы жылдары да қатысыпты.

«Біз қала тұрғындарына өзіміздің патриот екенімізді, жол тәртібін барынша сақтап жүре алатынымызды көрсеткіміз келеді. Мұндай «байкерлер шеруіне» 2019 жылдан бері қатысып жүрмін», – деді қала тұрғыны Роман Чапленко.

Іс-шараның басы-қасында жүрген белгілі байкер Дмитрий Петрухиннің айтуынша, мұндай шеру 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

«Байкерлер шеруі» елімізде 1990 жылдардан бері әйгілі бола бастады. Бірақ кейін жылдамдық пен адреналин сүйерлер мотоциклді ермекке айналдырды. Мен соны тәртіпке келтіргім келіп, дәл осындай іс-шара ұйымдастырдым», – деді қазақстандық байкер-саяхатшы Дмитрий Петрухин.

Көк байрақты ұлықтаған жүргізушілер шеруді бастамас бұрын қатысушыларға қауіпсіздік ережесін түсіндірді. Жолда жүру тәртібі сақталуы үшін мұнда полиция қызметкерлері де болды.

Мотоцикл жүргізушілері  Бауыржан Момышұлы көшесімен жүріп өтіп, Сайын көшесі арқылы Әл-Фараби даңғылына түсті. Жолшыбай қала тұрғындары қол бұлғап, баршаның назары байрақ желбіреткен сапқа ауды. Байкерлер қаланы айналып, Halyk Arena маңына тоқтады.

«Барлығы керемет өтті. Сап түзеп жүргендерге, қолдау білдіргендерге алғыс айтамын. Әрине, кептелістер болды. Бірақ айтарлықтай емес. Алматылық мотоцикл жүргізушілері мемлекеттік рәміздерді ұлықтап жүре бермек», – деді қала тұрғыны Михаил Алексеев.

Бұл іс-шараға 500-дей байкер қатысады деп жоспарланған болатын. Түрлі себеппен кейбір мотоцикл жүргізушілері келген жоқ. Алайда бұл патриоттық сезімді насихаттайтын байкерлер шеруінің жоспардағыдай өтуіне кедергі келтірмеді.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #байкер