Халқының 60 пайызын мүгедектер құрайтын елдімекен емханасыз қалғалы тұр

Azattyq Rýhy

Емдеу мекемесі шалғай аумаққа көшірілетін болыпты

Халқының 60 пайызын мүгедектер құрайтын елдімекен емханасыз қалғалы тұр
Фото ашық дереккөзден

Шымкентте бүтіндей бір елдімекен емханасыз қалудың алдында тұр. Халқының 60 пайызын мүгедектер құрайтын Достық шағын ауданының жұрты енді қайда барып ем-дом қабылдарын білмей дал болып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Осы күнге дейін 15 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп келген емдеу мекемесі шалғай аумаққа көшірілетін болыпты. Себеп, үш жылдан бері жалға алынған емхана ғимаратын өзге компания пайдалану үшін тендерден ұтып алған. Қоларба мен балдаққа таңылған азаматтардан бөлек, қалың қауым да бұған үзілді-кесілді қарсы.

Халиш Иманбайұлы туа бітті сал ауруына шалдыққан. Екінші топтың мүгедегін алған азамат әрең қозғалады. Ем-дом қабылдап жүрген емханасының шалғай аумаққа көшірілетінін естігенде есеңгіреп қалдым деген ол, басшылардың әлсіз топ үшін бас қатырмайтынына көзім жетті деп налиды. Алыстағы емханаға бару үшін жәрдемақым жолақысына кететін болды деп ашулы.

 «Таксимен ана жаққа барудың өзі мың теңге дейді. Ана жаққа барасың, тұрасың. Ана жақтан мына жаққа келу үшін 2 мың теңге кетеді. Ақшаның құны жоқ қой. Біздің әкімшілік қайда қарап отыр? Мына емхананы қалдыру керек қой», - дейді ІІ топтағы мүгедек Халиш Иманбайұлы.

Қалың қауымның бұл шағымынан емхана басшылығы да қанық. Бірақ келісімшарт мерзімінің өтуіне байланысты көшуге тура келіп отыр. Әйтсе де, ешқандай ескертусіз емдеу мекемесі жұмысын тоқтатсын дегенді дәрігерлер де түсінбей дал.

 «15 мыңға жуық халық бар. Оның  50 пайызға жуығы мүгедектер және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Достық шағынауданының тұрғындары талабымен медициналық қызмет көрсетіп жалғастырып келеміз. Бұл кісілерге орталық мекемеге жету әрине қиын соғады», - деді емхана директоры Қайрат Серікұлы.

Жауаптылардың айтуынша, осыдан үш ай бұрын өзге медициналық мекеме ғимаратты пайдалану құқығын тендермен алған. Бірақ оның елдімекендегі тұрғындарға қызмет көрсетуге құжаты жоқ болып шыққан. Өйткені тиісті басқармадан мемлекеттік медициналық тапсырыс алмаған. Бірақ біз қалай да шешімін қарастырып жатырмыз деді жауаптылар. 

Ал мәселе шешілмесе, Достықтағы қалың қауым әкімдіктің алдына жиналмақ.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.