ҚМГ басшысының орынбасары өндіріс тынысымен танысты

Azattyq Rýhy

Мердігер ұйым қызметкерлерінің табысын арттыру мақсатында жалпы сомасы 37,2 млрд теңге болатын қосымша 158 келісімшартқа қол қойылды

ҚМГ басшысының орынбасары өндіріс тынысымен танысты

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты кәсіпорындарда еңбек ететін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, мұнайшылардың айлығы өсіп, қосымша жаңа жұмыс орындары құрылады. Бұл туралы Azattyq Rýhy компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев осы аптада Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына барып, өндіріс орындарының жұмыс барысын қадағалады.

Қызылорда және Ақтөбе қалаларында өткен жұмыс барысындағы жиындарға «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС (Ақшабұлақ, Нұралы, Құмкөл, Арысқұм, Лақтыбай, Қаратөбе, Қожасай, Әлібекмола кен орындары) басшылары және басқару аппаратының, өндіріс қызметкерлері қатысты. Басқосуда өндірістің өзекті мәселелері мен биылғы бес жылдың қорытындысы қаралды.

Айталық, Қаражанбас кен орнында қабат суын тұщыту зауытын дер кезінде іске қосу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажеттілігіне ерекше назар аударды. Қаламқас кен орнында мұнайды кешенді дайындау және айдау цехы өнімді еңбек етуде. Аталмыш өндірістік орындардың бүгінгі жай-күйімен танысқан Құрманғазы Орынғазыұлы қарқынды одан әрі арттыру керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, мұнай өндірумен айналысатын кәсіпорындардың, мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, өнім алуға әрі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысты берілген тапсырмаларын нәтижелерін саралады. Еншілес кәсіпорындардың басшыларына мұнай алу көлемін арттыру, жұмысшылардың өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жарақат алу жағдайларын азайтуға қатысты бірқатар тапсырма берілді.

Құрманғазы Орынғазыұлы аймақтардағы әлеуметтік тұрақтылық жағдайына да баса мән берді.

«Кәсіподақ ұйымдарымен келіссөздер нәтижесінде еншілес кәсіпорында еңбек ететін азаматтардың жалақысын көтеру туралы шешім қабылданды. Мердігер ұйым қызметкерлерінің табысын арттыру мақсатында жалпы сомасы 37,2 млрд теңге болатын қосымша 158 келісімшартқа қол қойылды. Осындай игі шаралардың барлығы 19 мыңнан астам мұнайшының әл-ауқатын арттыруға оң әсер береді», - деді Қ.Есқазиев.

Маңғыстау облысында жұмыссыздықты азайту үшін «ҚазМұнайГаз»-дың өндіру компаниялары – «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Өзенмұнайгаз», мұнай сервистік мекемелер мен олардың мердігер ұйымдарына жыл соңына дейін 1,6 мыңнан астам адамды жұмысқа алу жоспарланып отыр.

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына жұмыс сапары кезінде Қ.Есқазиев бірқатар өндірістік нысандарды, атап айтқанда мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету басқармасын, мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасын, ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадаларын аралап, өндірістің тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында осы жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы уақытта атқарылатын шаруалар талқыланды.

Жиындар барысында алда өтетін республикалық референдум мәселесі де сөз болды. Құрманғазы Есқазиев Конституцияға енгізілуі жоспарланған өзгерістер елдің өркендеуіне жасалған маңызды қадам екенін алға тартып, саяси науқанның маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде мұнайшылар Ата Заңды жаңартуға қолдау көрсетуге әзірлігін білдіріп, дауыс беруге ұжым болып баратындарын айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.