$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда бірнеше күн бұрын үшінші баласын өмірге әкелген ана қайтыс болды

Қайғылы оқиға бойынша салалық басқарма қызметтік тексеріс жүргізген

Павлодарда бірнеше күн бұрын үшінші баласын өмірге әкелген ана қайтыс болды
Фото ашық дереккөзден

Павлодарда бірнеше күн бұрын үшінші баласын өмірге әкелген ана қайтыс болды. Қайғылы оқиға қалалық перзентханада орын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Еркежан Әкімбекова  үшінші ұлын дүниеге әкеліп, бірнеше күннен соң көз жұмды. Жолдасы Сағади Әкімбековтің айтуынша, түні бойы тоқтамай қан кеткен.

 «Қан екінші күні де тоқтамады. Әйелім табиғатынан төзімді еді. Дәрігерлерді көп күтті. Бірақ, тиісті ем-дом шаралары қолға алынбады. Осы жағдайда адам өлімін алдын алуға болатынын білемін. Бірақ, әрекет жасалмады. Ешқандай препараттар қолданбады», - дейді марқұмның жолдасы Сағади Әкімбеков.

29 жастағы азаматша – медицина саласының өкілі. Мамандығы бойынша гинеколог. Перзентханада ауыр халде болғанда дәрігерлерге бірнеше рет барып, көмек көрсетуді өтінген. Бұл туралы ол жолдасына телефон арқылы хабарлап отырған. Дәрігерлерді шақырса да, уақытында көмек көрсетілмеген.

 «Әйелім қайтып клемейді. Бірақ үш баланы анасыз қалдырған дәрігерлер салғырттық үшін жазаларын алу керек. Сондай-ақ жұмыстан қуылуы керек деп ойлаймын. Бұл жағдай туралы полицияға өтініш жаздым. Әзірге іс басталған жоқ», - деді Сағади Әкімбеков.

Қайғылы оқиға бойынша салалық басқарма қызметтік тексеріс жүргізген. Патологиялық-анатомиялық зерттеу де жасалып  жатыр. Соның нәтижесінде жас ананың өлімінің нақты себебі анықталады.

«Қалалық №1 аурухананың басшысы, оның орынбасарлары мен дәрігерлер сөгіс алды. Перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды. Ол қарапайым кезекші маман қызметіне төмендетілді. Бірнеше күннен соң салалық министрлік жанындағы  республикалық штабта қаралады. Әзірге жас ана «сепсис» салдарынан қайтыс болды деген байлам жасалды», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Боратаева.

Патологиялық-анатомиялық зерттеу аяқталған соң медициналық-фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің тексерісі басталады. Өкінішке қарай, облыста ана өлімі көп.  Өткен жылы үш ана көз жұмса, жыл басынан бері тағы үш әйел өмірден озды.

 

 

Серіктес жаңалықтары