Дат газетінің коронавирус туралы карикатурасы Қытайдың шамына тиді
Басылым редакторы Қытай елшілігінен кешірім сұраудан бас тартты
Даниядағы ҚХР елшілігі Jyllands-Posten газетінен Қытай туындағы жұлдызшалардың орнына коронавирус салып қойған карикатурасы үшін кешірім сұрауды талап етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Ешқандай уайым немесе жанашырлық танытпастан, газет сөз бостандығы нормалары мен өркениетті қоғам этикасын бұза отырып, тым шектен шығып кетті», – делінген елшіліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Мәлімдемеде сондай-ақ, газет редакциясы және карикатураны салған суретші Нильс Бо Бойесен осы жарияланым үшін қытай халқынан кешірім сұрауы керек делінген.
Карикатура 27 қаңтарда жарық көрген. Онда ҚХР-дың қызыл түсті туындағы сары жұлдызшалардың орнына вирустар бейнеленген екен.
Басылымның бас редакторы Якоб Нибро газеттің Қытайдағы ахуалды келемеж ету ниеті болмағанын мәлімдей отырып, елшіліктен кешірім сұраудан бас тартты.
«Біз өзіміз қате деп есептемейтін нәрсе үшін кешірім сұрай алмаймыз. Біздің Қытайдағы жағдайды әжуа етейік немесе намыстарына тиейік деген ойымыз болған жоқ, сондықтан суреттен кемсітушілік көрудің еш реті жоқ», – деді ол журналистерге.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қытайдағы коронавирус салдарынан 106 адам көз жұмған. 4603 адамның індет жұқтырғаны расталған.