$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қуғын-сүргін құрбандарының есімі толық ақталмай келеді – тарихшы

1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады

Қуғын-сүргін құрбандарының есімі толық ақталмай келеді – тарихшы

31-ші мамыр ұлы дала ұлдарын жоқтап, аза тұту күні. Қазақ жеріндегі саяси куғын-сүргін 1928 жылы зиялы қауым өкілдерін тұтқындаудан басталды. Солардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев сынды алаштың талай арыстары да бар еді. Бұл жылдары тек Қазақстанда ғана 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. 1993 жылы саяси қудалауға ұшырағандарды ақтау туралы заң қабылданды. Қазір қуғын-сүргін құрбандарының есмдерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тарихшылардың айтуынша, әлі де ақталмаған есімдер баршылық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

25 МЫҢ АДАМ АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ

1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңнан астамы атылды. Солардың бірі - Петропавл қаласының тұрғыны Құлке Құлжабайбың әкесі. 

«Біз қазіргі М.Жұмабаев ауданының Аралағаш ауылында тұрдық. Дәулетті отбасы едік. Әкем 1937 жылы түрмеде бір ай отырып, атылған. Кейін есімі ақталды. Тізім газеттерде жарық көрді. 31 мамыр – біз үшін қайғы мен қасірет, қуанышқа толы күн. Бір жағынан әкемізді еске алсақ, оның есімінің ақталғанына қуанамыз. Қуғын-сүргін жылдары қаншама бала жетім қалды. Солардың бірі - мен. Ол кезде жасым үште. Шешем екеуміз қашып жүрдік. Қыс бойы орыстардың ауылын, жазда орманды паналаймыз. Балалық дегенді көрген жоқпыз. Аштық-жалаңаштық, жылау-сықтаумен күнелттік. Мүлкіміздің бәрін тартып алды. Бізді «халық жауының баласы» деп мектепке де алған жоқ. Осындай қасіретті бастан кешіргеннен кейін елімізде бейбітшілік болса екен деп тілеймін», - дейді Күлке Құлжабай. 

«ҚАРАМЫҚ НАНЫН, ОШАҒАННЫҢ ТАМЫРЫН ЖЕДІК ...»                         

Болат Сағындықовтың әкесі де қудалауға ұшырап, ату жазасына кесілген. Болат Мағазұлы ол кезде нәбәрі бір жаста болыпты. Ес кіріп, ер жеткен сәттен әкесі жайлы мағлұмат ізумен келеді. Бармаған жері баспаған тауы жоқ. 

«Әкем 10 жылға сотталды. Келер деген үмітпен күтіп жүрдік. Анам қолында 7 жетім бала мен 2 кәрі кемпірді бағып жалғыз қалды. Ең кішісі - мен. Мал-мүліктің барлығы тәркіленді. Күндіз-түні дамыл көрмей еңбек етті. Жаз болса шешемді «халық жауының әйелі» деп көршіл ауылға қой бағуға жібереді. Күзде егін соғады, қозы бағады. Өзім 9 жасымнан колхозда жұмыс істедім. 1945 жылы басқа ауылға оқуға кеттім. Демалысқа үйге келсем, анам мал суарып жүріп қолын есікке қысып сындырып алыпты. Содан төсек тартып жатып қалған. Үйде кәрі әжем мен шешем ғана бар. Ағаларымның барлығы соғысқа кеткен. Малды қарайтын ешкім болмады. Мектепті тастауға тура келді. Күнкөріс қиын болды. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Қарамық нанын, ошағанның тамырын жедік. 

Картоптың қабығын да пештің үстіне қуырып тамақ қылдық.1955 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтына түстім. Қыркүйекте Воршиловқа хат жазып, әкем Мағаз Сағындықов жайында мәлімет сұрадым. Омбы мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне шақырып алып, әкемнің 1943 жылы 10 қыркүйекте жазасын өтеп жүріп, туберкулезден қайтыс болғанын ауызша айтты», - дейді Болат Сағындықов.  

Солақай саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да  зардап шекті. Елімізде репрессия жылдары «Карлаг», «Степлаг», «АЛЖИР» сынды 11 арнайы лагерь құрылды.

Ату жазасына кесілгендерден бөлек, қамауға алынып, аштықтан, аурудан қайтыс болғандар жайында нақты есеп жоқ. Туберкулездан қайтыс болғандардың бірі - Сейтқазы Молдахметов. Қазір ұрпақтары Солтүстік Қазақстанда тұрып жатыр. 

«Нағашы атам – Сейтқазы Молдахметовке «халық жауы» деген қара таңба басылып, 1949 жылы 12 тамызда сотталған. Балаларының, әйелінің көзінше үйінде отырған жерінен тұтқыдалып кете барады. Шешем 6 жаста болыпты. Түрмеге барып, әкесімен жүздескен сәттерін еске алып отыратын. Кейін атамыз Сібірге жер аударылған. Балалары өмір бойы жетімдіктің зардабын тартқан. Соған қарамастан бәрі ер жетті. «Халық жауының» балалары деп ешқайда оқи алмаған. Атам 1989 жылы ақталды. Бірақ балаларының өмір бойы тартқан азабын ештеңе өтей алмасы анық», - дейді қуғын-сүргін құрбанының жиеншары Гүлнәр Қалиева. 

    ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ЕСІМІН АНЫҚТАУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

1997 жылдан бастап мамырдың 31-і соңғы күні  саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Сол кезден бастап тоталитарлық режимнің құрбандарының есімдерін ақтау жұмысы басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді.  

«1993-ші жылы «Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы» Заң қабылданған болатын. Сол құжат негізінде көптеген азаматтар ақталды. Бұл жұмыс кеңес кезеңінде де жүргізілді. Бірақ белгілі тарихи тұлғаларға ғана қатысты болды. Алаш қайраткерлерінің бірі Мағжан Жұмабавтың есімі ақталды. Бірақ оның шығармаларын жарияалуға тек 1980-ші жылы ғана рұқсат етілді. 2020 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен арнайы комиссия құрылды. Қазір жан-жақтан деректер жинақталып, үлкен мәселелер көтеріліп жатыр. Ақталған, ақталмаған азаматтар түгенделуде. Солтүстік Қазақстан өңірінде ғана 8394 адам ақталды. Бқл көрсеткіш 1993 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Олардың тустары аталарын, әкелерін іздестіріп, прокуратурадан олардың ақталғаны туралы шешімдер алып жатыр. 2012 жылы Петропавлда арнайы тақта салынды. Қуған-сүргін құрбандарының есімі сонда жазылуда, - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1930  жылдардың басында «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарында алыс-шалғай ауылдарда мал және егін шаруашылығымен айналысқан байлар баршылық. КСРО- да «байларды тап ретінде жою» мен жаппай ұжымдастыру науқаны жүргізілді. Қарсы шыққандар лагерьлерге қамалып, олардың мал-мүлкі талан-таражға түсті. 20 ғасырдың басында қазақ және өзге ұлт өкілдеріне «Халық жауы», «Ұлтшыл», «Жапон, неміс шпиондары» деген жалған жала жабылды. Қазақстан аумағында «Халық жауларын» қамаған 11 арнайы лагерь болған. Мұнда «Ұлтшыл», «Әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жалған жаламен  2млн-нан астам адам аса ауыр жағдайда өмір сүрді.

Серіктес жаңалықтары