Ақмола облысында суға батқан екі адамның денесі табылды
Қайғылы жағдай аудан маңындағы су қоймаларында болған
Ақмола облысында суға батқан екі адамның денесі табылды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, қайғылы жағдай Есіл және Бұланды аудандары аумағындағы су қоймаларында болған.
«Мамырдың 28-інде сағат 15:00 шамасында Есіл ауданындағы Жаныспай ауылынан 250 метр қашықтықтағы Жаныспай өзенінен 63 жастағы ер адамның денесі табылды. Оны куәгерлер көріп, судан алып шықты. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 2 адам және 1 арнайы техника, аудандық ПБ жеке құрамынан 8 адам және 2 техника шақырылды. Қазіргі кезде ер адамның өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді ведомстводан.
Сонымен бірге, 29 мамыр күні сағат 11:30 Бұланды ауданының Боярка ауылы маңындағы Қарағай кентінде 32 жастағы ер адамның денесін сүңгуірлер судан алып шықты.
Куәгерлердің сөзінше, ол 28 мамыр күні сағат 15:00 шамасында қайықтан құлап, тоғанның суына батып кеткен.