Елімізде сапасыз интернет ұсынған операторларға 132 млн теңге айыппұл салынған
Алдағы уақытта айыппұл мөлшері ұлғаюы мүмкін
Елімізде сапасыз интернет ұсынған операторлар жазаға тартылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Министрліктің мәлімдеуінше, интернет сапасына байланысты келіп түсетін шағымдар әлі де баршылық.
«Ведомство Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сапасыз интернет үшін салынатын айыппұлдың мөлшерін ұлғайтатын өзгерістер әзірледі. Атап айтсақ, ірі бизнес нысандарына сапасыз интернет ұсынғаны үшін салынатын айыппұл 100 айлық есептік көрсеткіштен (318 000 теңге) 1000 АЕК-ке (3 180 000 теңге) дейін ұлғайтылмақ. Ал олқылық бір жылдың ішінде екінші рет қайталанса, айыппұл 1500 АЕК-ке (4 770 000 теңге) көтеріледі», - деп мәлімдейді министрліктен.
Ведомство тарапынан сапасыз интернет үшін 132 млн теңгеге айыппұл салынған. Ал аталған салада қызмет көрсететін операторлар былтыр 884 млрд теңге табыс тапқан. Сонда салынған айыппұл көлемі табыстың 0,01% ғана деген сөз.
«Осыны негізге алсақ, интернет сапасына байланысты салынатын айыппұл ұлғайса, тарифтер де өсуі керек деген уәждің еш негізі жоқ», - деп жазады ведомство мамандары.