$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда метроның жаңа станциялары ашылды

Жерасты жолының жалпы ұзындығы 13,4 шақырымды құрап отыр

Алматыда метроның жаңа станциялары ашылды

Алматыда «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро станциялары іске қосылды. Олар қазіргі қызмет көрсетіп тұрған тоғыз станцияның жалғасы ретінде қала орталығын шеткі аудандармен байланыстырады.

Екі жаңа станция іске қосылғаннан кейін метро желісінің  ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарды.  Жерасты жолының жалпы ұзындығы 13,4 шақырымды құрап отыр. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төртвагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған.

Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушыны тасымалдайды. Жаңа станциялар іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтіліп отыр.

«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» станциясы Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Сайын көшелерінің аралығында Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар. Станцияда екі жеделсаты мен сегіз эскалатор орнатылған. Интерьер жасау кезіндегі негізгі идея – Сарыарқаның шексіз кең даласының әсемдігін көрсету. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Шеткі жағындағы қабырғада жазық даланың үстінен шығып келе жатқан күн, оның бергі жағында Қазақстан астанасы бейнесі маңында шауып келе жатқан жүйрік аттар бейнеленген панно орнатылған.

«Бұл – біздің мегаполис үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Сіздер жергілікті жердің күрделі тау-геологиялық және сейсмикалық жағдайларын ескере отырып, өте күрделі әрі көлемді жұмыс жүргіздіңіздер. Сіздердің еңбектеріңіз бен жоғары кәсібиліктеріңіздің арқасында Алматыда тағы жаңа екі метро станциясы ашылды.

Мен бұны біздің қаламыз бен  тұрғындарымыз үшін өте маңызды оқиға деп санаймын. Мәселе 50 мыңнан 85 мыңға дейін ұлғаятын жолаушылар легінде  ғана емес, қаланың әлдеқайда жайлы болатындығында, бәрімізді алаңдатып отырған трафиктің дұрыс шешім табатындығында.

Қалада метро желісін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. 2025 жылы «Қалқаман» станциясының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, метро желісін дамыту батыс бағытта «Барлық» базарына дейін ұлғаяды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін ыңғайлы жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылы Алматы метрополитені өзінің алғашқы үлкен және маңызды мерейтойын – он жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде білікті еңбек ұжымы құрылып, жас мамандар оқытылып, дайындалды. Екі станцияның іске қосылуымен қосымша 200 жұмыс орны құрылды. Алматы метрополитені біздің қаламыздың маңызды және ажырамас бөлігі, ыңғайлы және жайлы қоғамдық көлік түріне айналды», - деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Ал «Бауыржан Момышұлы» станциясы Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Станцияда 6 жеделсаты мен 15 эскалатор орнатылған. Платформа ұзындығы – 108 метр. Алматы метро желісінің он бірінші станциясы әзірге соңғы станция болып саналады. 

Станция халық көп шоғырланған аумақта орналасқан.

Қабырғалар мен тіреуіштерді безендіру үшін ашық реңкті маржан-сұр түсті ағаш тектес керамикалық панельдер, ал еденді қаптауға – ашық сұр түсті табиғи гранит пайдаланылған.

Болашақта «Қалқаман» станциясы құрылысын аяқтап, метроны батыс бағытта «Барлық» базарына дейін дамыту жоспарланған.

«Ата-марқұм, бір кезде «Мен бұл дүниеден өтсем де, тірілердің арасында жүремін» деген еді. Сол кезде ол сөз, бір түрлі болып естілген. Енді қарап тұрсаңыздар, әулие сөзі сияқты қалды. Енді қараңыздар, бүгін қаншама адамның көңілінде, тіл ұшында атамыздың аты айтылып жүр. Атамыз өмірден кеткеніне 40 жыл болды, бірақ әлі күнге дейін халқы ардақтап, құрметтеп, аспандатып, көшелердің атын, мектептердің атын беріп жүр. Бүгінгі шара да атамыз әлі тірілердің арасында жүргенінің бір белгісі. Бір нәрсеге таңғалып отырмын. Алматыда метро ашылғаннан бері әлі бір де бір рет келмеппін. Атамның атына бергенде ғана аяқ басып отырмын», - деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова.

Серіктес жаңалықтары