Олар колонияның асхана, тергеу изоляторы, жеке камера сынды орындарында болды
Петропавлда мемлекеттік мекеме басшылары темір тордың ар жағына экскурсияға барды. Ерекше шара шенеуніктер арасындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын-алу мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Лауазымды тұлғалар экскурсияға әдеттегідей қымбат қызметтік көліктермен емес, арнайы автобуспен қатынады. Мемлекеттік қызметшілер Заречный кентіндегі ЕС 164/1 мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
«Бүгін біз жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне жемқорлық әрекеттер мен пара алу қандай жағдайға алып келуі мүмкін екендігін көрсеттік. Тергеу изоляторындағы экскурсия облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылды. Олар қазір тергеліп жатқан, өздерінің бұрынғы әріптестерімен кездесті. Мұның өте ауыр жағдай екенін түсінемін, бірақ мемлекеттік қызметкерлері сол әріптестерін көріп өздері сабақ алуы тиіс. Сонда ғана жемқорлық деңгейін азайта аламыз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің жетекшісі Ернар Баянғазин.
Шараға түрлі департамент, басқарма сынды тағы басқа 22 мемлекеттік мекеме басшысы қатысты. «Меймандар» колонияның асхана, тергеу изоляторы, жеке камера сынды тағы басқа орындарында болды.
«Ешкім өз үйіндегі жылы төсегі мен жайлы орнын түзету мекемесіне ауыстырғысы келмейді деп ойлаймын. Бүгінгі шараға қатысушылар осыған тағы бір көз жеткізді. Одан бөлек, заңға қайшы әрекет жасамас бұрын ата-ана мен бала-шағаны да естен шығармау керек, ертең бірінші кезекте зардапты шегетін солар», - деді Баянғазин.
Шараны ұйымдастырушылар мемлекеттік қызметшілеріді қорқыту емес, ойландыру көзделгенін атап өтті.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО