Қарағанды облысында үйі өртеніп кеткен қариялар қаңғып жүр
Жарықпен қамтамасыз етуші компания орнатқан қалқан атылып, 8 отбасы үйсіз қалған
Қарағанды облысының Ақтас кентінде жергілікті компанияның кесірінен баспаналарынан айырылған қариялар саяжайда қаңғып жүр. 1 жарым жыл бұрын «Қарағанды Жарық» серіктестігі орнатқан электр қалқаны атылып, салдарынан 8 отбасының пәтері қас қағымда жанып кеткен. Тұрғындар компанияны сотқа бергенмен кінәсін дәлелдей алмай дал болып жүр, деп хабарлайды astanatv.
Ақтас кентіндегі екі қабатты үй 1 жарым жыл бұрын кенеттен отқа оранған. Салдарынан 8 пәтер түгел жанып кетті.
Барынан айырылған тұрғындар әлі есін жия алар емес. Көбінің жасы 70- 80- нен асқан. Қартайған шақта қайда барарын білмей, саяжайды паналап жүргендері де бар.
«Көбінесе саяжайда тұрып жүрмін. Суықтап ауруханаға жатып қаламын. Балаларға да масыл болғың келмейді. Не істерімді, қайда барарымды білмеймін», - дейді Ақтас кентінің тұрғыны Хафиза Сидникова.
Тұрғындардың айтуынша, өрт «Қарағанды жарық» компаниясы орнатқан ескі электр қалқанының атылуы салдарынан болған. Тіпті сараптама да сондағы сымның қысқа тұйықталуынан өрт шыққанын растаған. Материалдық шығынды тұрғындарға компания төлеуі тиіс. Алайда сотта «Қарағанды жарықтың» кінәсін дәлелдеу қиынға соғып тұр дейді тұрғындар.
«Өрт электр қалқанынан шықты. Өйткені ол мүлде ескі, жарамсыз болатын. Оны сөндіретін тетігі де болған жоқ. Жан- жаққа қаштық, ештеңе алып қала алмадық», деді Зиля Ғабитова.
Жергілікті әкімдік жағдайдан хабардар. Алайда техникалық сараптама «үй тұруға жарамсыз» деген қорытынды шығарған. Сондықтан баспанасыз қалған тұрғындар пәтер кезегіне тұруы тиіс дейді.
«Сараптама қорытындысы бойынша бұл үй тұруға жарамсыз. Тұрғындарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекке тұруды ұсындық. Материалдық, морольдық шығынды қызмет көрсетуші компания «Қарағанды жарық» өтеуі тиіс», деп көрсетті Ақтас кенті әкімінің орынбасары Ғабиден Ахметов.
"Қарағанды жарық" басшылығы сот ісінің әлі ұзаққа созылатынын айтты. Сондықтан әзірге ешқандай ақпарат бере алмайтындарын жеткізді. Ал тұрғындар ең болмағанда, жалғызбасты, қиын жағдайда қалғандар қарияларға жергілікті билік уақытша болса да пәтер берсе дейді.