Визажистің шеберлік сабағына келген алматылық әйелдер кішкентай балаларынан көз жазып қалды
Әрлеушінің командасы хабарлама жасап, балаларды аман тауып берген
Мәскеулік визажист Гоар Аветисяннің шеберлік сабағына келген алматылық әйелдер көпшіліктің арасынан кішкентай балаларынан таппай қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Визажист Гоар Аветисян кәсіби косметика дүкенінің ашылу рәсіміне арнайы келіп, алматылық аруларға шеберлік сабағын өткізген.
Аветисян Instagram желісіндегі парақшасында жарияланған видеоға қарағанда сауда-ойын-сауық орталығына жиналғандардың қарасы қалың.
«Энергиям тасып тұр, сахнаға бара жатырмын», деп жазды ол парақшасында.
Ұзын-сонар кезекке тұрғандардың кейбірі әрлеушінің қолын алып, қошемет көрсетті.
Жарияланған фотолардан кездесуге аналар кішкентай балаларын ертіп келгенін байқауға болады.
Олардың үшеуі көпшілік арасынан балаларын таппай қалған. Гоар Аветисяннің командасы хабарлама жасап, оларды аман-есен тауып берген.