Жастар неге бизнестен бас тартады – Сенат төрағасының жауабы
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, елімізде жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған нақты саясат жоқ

Қазақстанда жастардың кәсіп бастауын кері тартып отырған факторлардың бірі – бастапқы капиталдың жоқтығы мен білімнің аздығы. Бұл туралы бүгін «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жастар өз бизнесін ашудан бас тартудың себебі ретінде 32%-ы бастапқы капиталдың жоқтығын және 18%-ы өзіндік бизнес құру үшін білімнің жетіспейтіндігін айтады. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, оларға қомақты бюджет қаражаты, оның ішінде «Атамекен» ҰКП желісі бойынша да бағытталады», - деді М. Әшімбаев.
Әшімбаевтың айтуынша Қазақстанда жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары бар болғанымен, үйсіз жүргендер де жетерлік. Яғни, сенатордың пайымынша, қазіргі шаралар жастарды толық баспанамен қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр.
Жалпы Мәулен Әшімбаев жастарды қолдау бағытындағы барлық реформаның түпкі мақсаты жастардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы керек дегенді алға тартты.