Түркістанда санитарлық талаптарды сақтамаған 600-ден астам медициналық мекемеге айыппұл салынды

Azattyq Rýhy

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі 660 нысанды тексерді

Түркістанда санитарлық талаптарды сақтамаған 600-ден астам медициналық мекемеге айыппұл салынды
Фото: egemen.kz

Түркістан облысында 660 медициналық нысан тексеріліп, санитарлық талаптарды сақтамаған медициналық мекемелерге айыппұл салынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жыл басынан бері өңірдегі 660 медициналық нысанды тексерді. Нәтижесінде, кейбір ауруханалардың жұмысты үйлестіру іс-шараларына байланысты кемшіліктер анықталған. Атап айтар болсақ, ыстық судың болмауы, желдеткіштің орнатылмауы, медициналық қалдықтарды жинауға және сақтауға қойылатын талаптардың сақталмауы секілді кемшіліктер анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша 623 жеке және заңды тұлға 32 487 313 теңге сомасында айыппұл төлейтін болды.

Сондай-ақ кемшіліктерді жою бойынша 20 санитарлық ұйғарым беріліп, 7 материал сотқа өтті.

«Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықтың санитариялық саламаттылығын сақтау мақсатында медициналық мекемелердің басшыларына, жауапты өкілдеріне ҚР ДСМ денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қағидаларды сақтауға және нормативтік құқықтық актілер бойынша жұмыс істеуге шақырады», - дейді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берден.

Айта кетейік, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында меншік нысанына қарамастан 1 752 медициналық ұйым бар. Оның 123-і -  стоматологиялық клиникалар мен кабинеттер.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.