Елімізде рейдерлікке жол берілмеуі қажет – Мемлекет басшысы
Бизнес таза жұмыс істеуге дайын болса, оларды қолдау керек
Елімізде «қамқоршылар» мен рейдерлікке жол берілмеуі қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада отандық бизнес өкілдерімен кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Елімізде «қамқоршылар» мен рейдерлікке жол берілмеуі қажет. Егер бизнес әділ әрі таза жұмыс істеуге дайын болса, креативтілік танытса, заман талабына сай тартымдылық көрсетсе, оларға қолдау жасау керек. Атап айтқанда, осындай бизнес өкілдерінің ұлттық экономиканың жаңа моделіне қосылуына көмек көрсеткен абзал», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент бизнеске қысым көрсету факторларын анықтау мен әрекет етудің тиімдірек жүйесін құру керек екенін айта келе: «Жоғарғы сот кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істерге қайта-қайта шолу жасап отыруы тиіс», -деді.
Осы орайда Мемлекет басшысы ұсыныстарды тіркеу, жүйелендіру, талдау мен даярлауды ретке келтіруді тапсырды. Қажет болғанда ұсыныстар жедел түрде нормативтік-құқықтық актілерге рәсімделуі керек. Бұл жұмысқа бизнес-қоғамдастықты белсенді түрде тарту қажет.
«Рейдерліктің немесе құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қысым көрсетудің анықталған әрбір фактісі Бас прокурордың жеке қадағалауында болуы тиіс. Осы тектес істерді соңына дейін жеткізу талап етіледі», - деді Мемлекет басшысы.