Елордада дін тақырыбында халықаралық конференция өтті
Жиында діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі талқыланды
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі қарсаңында «PeaceTalks» дискуссиялық алаңында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» атты тақырыбында халықаралық онлайн-конференциясы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлайды.
Конференция жұмысына шетелдік сарапшылар қатарынан Әл-Азхардың Исламдық зерттеулер академиясының бас хатшысы Назир Мухаммед Мухаммед аль-Назир Аяд, Ватиканның Дінаралық диалог бойынша Папалық кеңесінің Ислам мәселелері жөніндегі бюросының басшысы, монсеньор Халед Акаше, Ресей-араб зерттеу және ақпарат орталығының төрағасы Маджид Абдулазиз ат-Турки, Иран Ислам Республикасының Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының Діндер мен мәдениеттер диалогы орталығының Ислам және Христиан диалогы департаментінің директоры, доктор Захра Рашидбейги, «Сомайя Видьявихар» университетінің Конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік жөніндегі бағдарламасының хатшысы Рудракша Сакрикар, Ислам тарихы, мәдениеті және өнерін зерттеу орталығының бас директоры (IRCICA) Кылыч Махмуд Эрол қатысты.
Халықаралық конференция барысында қатысушылар бейбітшілікті тұрақты дамыту және ынтымақтастықты нығайту бойынша күш-жігерді шоғырландыру үшін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаев іс-шараны аша отырып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптердің ушығуы аясында өзінің өзектілігі мен қажеттілігін көрсеткен Съездің тарихы мен миссиясы туралы айтып берді.
«Съез әлемдік діндер лидерлері мен ірі саяси қайраткерлердің бір-бірін тікелей тыңдап, естуі үшін олардың нәтижелі кездесулері мен коммуникациялық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететінін, әлемдік діндердің бай рухани мұрасын және өркениеттердің ортақ тарихи тәжірибесін адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлін айқындау үшін пайдаланатынын», - деп атап өтті Б.Сәрсенбаев.
Өз кезегінде, Қасиетті Тақтың Папалық кеңесінің дінаралық диалог бойынша Ислам бюросының басшысы, монсеньор Халед Акаше халықаралық конференцияны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіре отырып, іс-шараның тақырыбы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлкен маңызға ие екенін айтты.
«Сомайя Видьявихар» университетінің Конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік жөніндегі бағдарламасының хатшысы Рудракша Сакрикар сөз сөйлеу барысында әлемнің тұрақты дамуының негізгі аспектілері ретінде қоғамды, қоршаған ортаны, мәдениет пен экономиканы анықтады. Сөз соңында дін үйрететін этикалық және моральдық құндылықтар мен діни көшбасшылардың үлесі тұрақты дамуға қол жеткізу үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Ислам тарихы, мәдениеті және өнерін зерттеу орталығының бас директоры (IRCICA) Махмуд Эрол Кылыч олардың ұйымы ғылыми-зерттеу жобаларының, конференциялар мен көркемдік іс-шаралардың нәтижелерін көпшілікке тарату арқылы әлемнің тұрақты дамуына үлес қосатынын хабарлады. Сондай-ақ, діни лидерлердің түрлі ғылыми конференцияларының күн тәртібі, оның ішінде осы конференция олардың мәдени дипломатияға қосқан үлесін айқын көрсетеді.
Жалпы, конференцияға қатысушылар орталықтың іс-шараны ұйымдастыру жөніндегі бастамасын оң бағалап, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.