Сенат депутаты қауіпті лифтілердің жағдайына алаңдаушылық білдірді
Еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде 30 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді
Сенатор Рысқали Әбдікеров Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі қауіпті лифтілердің жай-күйіне қатысты мәселені көтерді.
Елімізде 2012 жылдан бастап лифт саласын лицензиялау алынып тасталды. Депутаттың пікірінше, жауапкершілігі төмен компаниялардың кесірінен лифтілерде болатын оқыс оқиғалар көбейген.
«Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан Лифтшілері ұлттық қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифт ақауынан 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталған.
Бүгінде еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде шамамен 30 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үйлердің лифтілері әбден тозған. Сондықтан бұл мәселе жұртшылықты қатты толғандырады», - деді сенатор.
Рысқали Әбдікеров сонымен қатар, отандық лифт жасаушыларды қолдауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Ресми деректер бойынша, Қазақстанға жыл сайын 5 мыңнан астам лифт әкелінеді, ал жергілікті компаниялар бұл сұраныстың тек 21%-дан астамын ғана қанағаттандыра алады.
«Жергілікті әкімдіктер тарапынан бұл саланы дамыту байынша қажетті қолдау көрсетілмей отырғанын да атап өткен жөн. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, алдымен отандық өндірісті дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде лифтілерді монтаждау және оған қызмет көрсету жұмыстарының тиімділігіне қол жеткізу қажет. Қорыта келе, бүгінгі күні қабылданып жатқан шаралар лифт шаруашылығын жаңғырту бойынша тиісті нәтиже бермей отыр», - деді сенатор Рысқали Әбдікеров.
Осылайша, депутат апаттық лифтілерді ауыстыруға несие бөлуді, ұлттық стандарт талаптарының сақталуын қатаңдатуды және оларға сәйкес келмеген жағдайда әкімдіктердің осындай лифт компанияларына айыппұл салуына рұқсат беруді, сондай-ақ күмәнді лифтілерді жеткізуді шектеуді ұсынды.