Қазығұрттық полицейлер құнды әшекейлерді ұрлап, ломбардқа өткізген күдіктіні ұстады
Қазіргі таңда қылмыскер қамауға алынды
Қазығұрттық полицейлер құнды әшекейлерді ұрлап, ломбардқа өткізген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауылдық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ұрлыққа тап болғанын баяндады. Мәселе барысы күдіктінің жәбірленушінің тұрғын үйіне терезесі арқылы кіруінен бастау алған. Осылайша ұры үй иесінің құнды әшекей бұйымдарын, қаражатын жымқырған. Жалпы жәбірленушіге 180 мың теңге шығын келген. Барлық ақпаратпен қаныққан полицейлер дереу іске көшті.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнын тергеп-тексерді, куәгерлерден сұрастырды. Алайда қылмыскерді табу оңайға соқпады. Десе те, күдіктіні іздеу жұмыстарын тоқтамады. Полицейлер күдіктіні іздеу жұмыстарын тиянақты жүргізді. Нәтижесінде, қылмыскер араға екі жыл салып ұсталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікті қолды қылған заттарды ломбардқа өткізіп жіберген. Қазіргі таңда қылмыскер қамауға алынды.