«Олимпиада алтыны NBA титулынан қымбат». Коби Брайанттың кейбір айтқандары
Өткен түні NBA жұлдызы Коби Брайант тікұшақ апатынан қаза тапты

БАҚ мәліметінше, тікұшақта болған адамдардың бәрі көз жұмған, оның ішінде атақты баскетболшының 13 жастағы қызы да бар. TMZ хабарлағандай, ұшақ құламастан бұрын әуеде өртенген. Қазіргі таңда апаттың себебі анықталып жатыр. Брайанттың артында әйелі мен үш қызы қалды.
Коби Брайант NBA тарихындағы ең нәтижелі баскетболшылардың үштігігіне кіреді, оның еншісінде 33 643 ұпай бар. АҚШ ұлттық құрамасымен екі рет олимпиада ойындарын жеңіп алды – 2008 жылы Пекинде, 2012 жылы Лондонда. Сондай-ақ 2007 жылы Америка біріншілігінің жеңімпазы болды.
Ол 2016 жылы спорттағы кәсіби карьерасын аяқтап, баскетбол тарихындағы аңыз адамдардың тізіміне енді. Ол 20 жыл «Лос-Анджелес Лейкерс» командасында ойнап, 2000, 2001, 2002, 2009 және 2010 жылдары 5 рет чемпион болды.
Коби Брайант тек талантты спортшы ғана емес, БАҚ беттерінде пікірін бүкпесіз айтатын тұлғаға айналды. Спортшының кейбір айтқан сөздерін оқырман назарына ұсынамыз:
- Пекиннен Чикагоға жеткенше 13 сағат бойы олимпиаданың алтын медалі мойнымда (Бейжің-2008) жүрді. Әлбетте, олимпиада алтыны NBA титулына қарағанда әлдеқайда маңызды.
- Бала күнімде футболшы болғым келді. Кейде ван Бастен, кейде Марадона немесе Баджо сияқты болғым келетін. Мен Италияда өстім, А сериясының ойындарының үнемі барып тұратынмын. Бірақ, маған Англия мен Испания футболы (чемпионат) ұнайды, өйткені ол жақта техникаға көп мән береді.
- «Мэдисон Сквер Гарденде» баскетбол ойнағанды жақсы көремін. Бұл арена маған гладиаторлар шайқасатын Колизейді елестетеді. Оның үстіне Спайк Лимен (режиссер) кездескен артық етпейді.
- Ешқашан бапкер болмаймын. Жоқ, жоқ, жоқ. Бапкер болуы үшін жүйкең темірдей болу керек. Маған балалармен айналысып, шеберлік класын өткізген ұнайды.
- Бірде жарнама ролигін түсіріп жатқанда, біреу менімен Брюс сөйлескісі келетінін айтты. «Қай Брюс?» деп таңғалдым мен. Маған сонда атақты Брюс Уиллистің өзі екенін айтты. «Ол мұнда не істеп жүр?» деппін сонда. Белгілі болғандай, ол менімен бірге «Қара Мамба» трейлеріне түскісі келген екен.