Нұр-Сұлтанда «Сергек» камералары 4 айда 552,8 млн теңгенің айыппұлын тіркеген

Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері елорда көшелерінде 162 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Нұр-Сұлтанда «Сергек» камералары 4 айда 552,8 млн теңгенің айыппұлын тіркеген
Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда «Сергек» камералары 4 айда 552,8 млн теңгенің айыппұлын тіркеген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Уваев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жыл басынан бері елорда көшелерінде 162 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 175 адам жарақат алып, 3 адам қайтыс болды. Жылдың 4 айында жол қауіпсіздігі желісі жүргізушілер тарапынан жол ережесін бұзудың 31 мың 070 фактісін тіркеді. Оның ішінде мас болып көлік басқару – 430, жаяу жүргінші жол бермеу – 428, жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзу – 1502, қарсы жолаққа шығу – 83, апатты жағдай туындату – 392, аялдама және тұрақ ережелерін бұзу – 2083, жол белгілерін елемеу – 3729, көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отыру – 486, әкімшілік қамауға алынғандар – 397», - деді басқарма бастығының орынбасары брифингіде.

Оның айтуынша, қала көшелеріне орнатылған 6000-нан астам «Сергек» камерасы арқылы 552 млн 834 мың теңгенің 56 724 айыппұлы тіркелген. Оның 40 381-і жылдамдықты асырғаны үшін тағайындалған.

Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұмановтың айтуынша, көшеде көлігін беталды қаңтарып кеткен жүргізушілерге де шаралар қолданылып жатыр.

«Дозор М» деген арнайы бейнекамера автокөлікке орнатылған. Қазіргі таңда сол камера арқылы 5 мыңнан астам әкімшілік айыппұлдар рәсімделді. Яғни, кейінгі 2-3 аптада жол бойындағы басқа көліктердің қозғалысына кедергі туғызған, жаяу жүргіншілердің жолағына қойылған көлік иелеріне қатысты осынша шара қолданылды», - деді бөлім бастығы.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.