Qnet компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ұйым ҚР заңнамасына сайкес қызмет көрсетіп жатқан жоқ
Алматы полициясында Qnet желілік компаниясына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Qnet компаниясының қызметіне қатысты Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бабы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Полиция өкілінің айтуынша, тергеу барысы ҚР Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласы прокуратурасы мен Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.
«Qnet Қазақстан Республикасы заңнамасына сайкес кәсіпкерлік қызмет көрсетіп жатқан жоқ. Компанияның банктік және инвестициялық қызметке лицензиясы мен рұқсаты жоқ»,- деді ол.
Айта кетейік, компания желілік маркетинг жүргізеді, онда адамдар түрлі зергерлік бұйымдарды сатумен айналысады. Бастапқы салым сомасы – 30 доллар. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына азаматтардан 220 шағым тіркелген.