Өскемен қаласының әкімі тұрғындарға берген уәдесін орындамай отыр
Екі мәрте сот шешімі шықса да, жағдай аса өзгермеген

Өскеменде қоғамдық көлік мәселесі әлі де өзекті. Қала шетіндегі Аблакетка шағын ауданының тұрғындары осыны айтып шағымдануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Естеріңізге салайық, қала билігі мен шағын аудан тұрғындары арасындағы дау-дамай биылғы ақпан айында басталған болатын. Міне, үш ай өтті, түйткілдің тарқар түрі көрінбейді. Қоғамдық көлік мәселесін айта-айта шаршаған тұрғындар ақпан айында сотқа шағымданған болатын.
Сот шешіміне орай, қала әкімі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен Аблакетка тұрғыны Вера Томская арасында медиативтік келісім жасалған. Келісімге сай шағын ауданға қатынайтын қоғамдық көліктердің жүру кестесін жиілетіп, автобустардың санын көбейту міндеттелген. Алайда келісімде көрсетілген талаптар дер кезінде орындалмаған соң сот қала әкімін 159 мың теңге әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүрлеген еді.
Аблакетка шағын ауданының тұрғыны Вера Томскаяның айтуынша, екі мәрте сот шешімі шықса да, жағдай аса өзгермеген.
Шағын аудандағы қоғамдық көлік мәселесі әлі де күрделі екенін қала әкімдігінің өкілдері де жасырмайды. Олардың айтуынша, Аблакетка шағын ауданына 23 автобус шығару жоспарланған. Сәуір айында байқау өтіп, тасымалдаушы да анықталған.
«Қазіргі күні тұрғындар тарапынан наразылық туып отыр. Біз 4 мамыр күні ол тасымалдаушыға хабарлама жібердік. 1 маусымға дейін мәселелерді толықтай шешпесе, тасымалдаушымен келісімшартты бұзатын боламыз. Әрі қарай байқау болып, жаңа тасымалдаушы анықталып, шағын ауданның халқының мәселелерін шешетін тасымалдаушы табатын боламыз”, - дейді қала әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.
Жалпы автобус мәселесі бұл шағын аудан үшін ғана емес, Өскемен тұрғындары үшін де өзекті мәселеге айналған. Былтыр қалаға 18 жаңа автобус сатып алынған. Биыл жыл соңына дейін тағы да 40 автобус әкелу жоспарланып отыр.