Алматыда жалған автокөлік бөлшектерін сатумен айналысқан топ ұсталды
1,8 млрд теңгеден аса сомадағы контрафактілік авто бөлшектер қоймасы жойылды
Алматыда танымал брендтердің атын жамылып, жалған автокөлік бөлшектерін сатумен айналысқан топ ұсталды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Жедел іс-шаралар барысында жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден аса сомаға "Тойота", "Лексус", "Хюндай", "Хонда" тауар белгісі бар контрафактілік авто бөлшектер қоймасы жойылды. Алматы қаласы бойынша ҚМА аумақтық департаменті қалалық прокуратураның үйлестіруімен жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты соталды тергеу амалдарын аяқтады", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, контрафактілік қосалқы бөлшектер фирмалық қораптарға салынып, Қазақстанның көлік базарларына таратылған. Тергеу барысында 106 мыңға жуық жалған автокөлік бөлшектері тәркіленді.
Қазір іс сотта қаралып жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуын анықтау және адал бизнесті қорғау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.