$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жеңілдетілген автонесие: қазақстандық банк өтінімдерді қабылдауды бастады

Егер де автокөлік болмаған жағдайда, бағдарлама қатысушы электронды кезекке тұрады

Жеңілдетілген автонесие: қазақстандық банк өтінімдерді қабылдауды бастады
Фото: wikers.ru

Bank Center Credit бүгін сағат 14:00-де жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдерді қабылдауды бастайды. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын бастауға орай өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін елорда да жаңа жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының механизмдері мен шарттарына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров және аталған қордың атқарушы директоры Ғалымжан Ади, «Қазақстан автобизнес қауымдастығы» ЗТБ-ның вице-президенті Анар Макашева мен қауымдастықтың техникалық қадағалау бойынша директоры Ербол Сейпилов, сондай-ақ Bank Center Credit және Forte bank өкілдері Гүлжихан Хамитова мен Ринат Агамбаев қатысты.

Баспасөз конференциясы барысында спикерлер аталған бағдарламаға қатысу тетіктері мен ол болашақта қалай жұмыс істейтіндігі туралы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ ақпарат құралдарының өкілдері жауапты тұлғалардан жеңілдетілген автонесиеге өтінімнің басталу мерзімі турасында да сауалдар қойды.

Анар Макашеваның айтуынша, бағдарламаға қатысушы көлік салонына келіп, Жеңілдетілген автонесие-2022 бағдарламасы арқылы қолжетімді көлікті таңдауы қажет.

«Сауда алаңында қажетті жиынтықтағы көлік болған жағдайда қатысушы сатушыдан төлемақы түбіртегін алып, екінші деңгейлі банкке өтінім береді. Егер де автокөлік болмаған жағдайда, бағдарлама қатысушы электронды кезекке тұрады. Автокөлік салонға түскен кезде өтінім берушіге төлем түбіртегі беріледі. Осы арқылы ол екінші деңгейлі банкке өтінім бере алады», - деді Анар Макашева.

Өз кезегінде Гүлжихан Хамитова Bank Center Credit бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14:00-ден бастап азаматтардан жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдау басталатынын хабарлады.

Өнеркәсіпті дамыту қоры өкілдерінің ақпараты бойынша, жеңілдетілген қарыздарды қаржыландыруға арналған қаражат бағдарламаға қатысатын банктерге күннің екінші жартысында түседі.

Естеріңізге сала кетейік, жеңілдетілген автонесиелеудің жаңа бағдарламасының ережесі ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен бекітілген болатын.

Бағдарлама операторы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ болып табылады. Қаржыландырудың жалпы сомасы 100 млрд теңгені құрайды.

Жеңіл автомобильдерге несие беру төмендегідей шарттар бойынша жүзеге асырылады:

  • сыйақы мөлшерлемесі 4%;
  • несиелеу сомасы 10 млн теңгеден аспайды;
  • қаржыландыру мерзімі 7 жылдан артық емес;
  • бастапқы жарна 0 %;
  • сатып алынатын көлік қазақстандық өндірістің жеңіл автокөлігі болуы тиіс;
  • көлік құны 15 млн теңгеден аспайды.

Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қарыз алушыны қаржыландыруды ұсыну мерзімінің мәртебесін қадағалау үшін екінші деңгейлі банктерде міндетті түрде автоматтандырылған жүйенің болуы шарт.

Сондай-ақ қарыз алушы екі жылдың ішінде бір реттен артық қаржыландырылмайды.

Бағдарлама екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Олардың қатарында, «Еуразиялық банк», Bank Center Credit, «Халық банкі»,  Forte bank бар.  Аталған тізім екінші деңгейлі банктердің өтінімдерін қарау барысында Өнеркәсіпті дамыту қорымен толықтырылатын болады. 

Серіктес жаңалықтары